Ақтаудағы «Интергаз Орталық Азия» АҚ бөлімшелерінің бірінде қызметкердің жұмыс орнына қару мен гранатаға ұқсас заттар алып келуі дүрбелең туғызды, деп жазады Alash.kz.
30 сәуірде орын алған оқиғаға байланысты кәсіпорынға шұғыл түрде полиция қызметкерлері шақырылды.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің жедел-тергеу тобы жүргізген тексеру жұмыстарының нәтижесінде, тәркіленген заттардың нақты әскери қару емес, пиротехникалық бұйымдар мен пейнтбол ойнауға арналған жабдықтар екені белгілі болды. Осылайша, компания ішіндегі қауіп сейілгенімен, заң бұзушылық дерегі расталды.
Тәртіп сақшылары ұстаған ер адамның сол сәтте мас күйінде болғаны анықталды. Сот шешімімен оған есірткі заттарын медициналық емес мақсатта тұтынғаны үшін айып тағылып, он тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алу жазасы кесілді. Қазіргі уақытта құқық бұзушы полиция бөлімінде жазасын өтеуде.