Ұлттық ақпарат кеңістігінде кезіндегі депутат Мақсат Раманқұловтың 50 жас мерейтойын дүркіретіп, аста-төк тойлағаны қызу талқыланып жатыр. Экс-атқамінерді құттықтап барғандардың арасында қазіргі Мәжіліс депутаттары да бар.Желіде тараған видео-дерекке сенсек, тараған, тойда лотерея ойнатылып, қонақтарға автокөлік, пәтер, Дубай мен Италияға жолдама, IPhone маркалы смартфондар, иіссу, Астанадан пәтер сыйланған, деп хабарлайды Alash.KZ ұлттық порталы halyquni.media парақшасына сілтеме көрсетіп.
"Халық үні" порталының хабарлауынша, тойда шамамен 300-ге жуық мейман болған. Одан бөлек отандық әншілер – МузАРТ, Raim, Ерке Есмахан, Қайрат Нұртас өнер көрсеткен. Сондай-ақ Өзбекстан әншілері, ресейлік «Мираж» тобы, немістердің «Bad Boys Blue» тобы тойдың арнайы қонағы болған.
Қазақстанның бір шетін су басып, халық панасыз қалғанда осылай аста-төк той жасау дұрыс па? Бұл туралы Мәжілістің бірқатар депутаты пікірін білдірді.
Естеріңізде болса, той иесінің өзі мерейтойдағы бағалы сыйлықтар бойынша былай деген еді:
«Тойда құны 7,5 миллион теңге болатын қытайлық электро машина және Астана қаласында орналасқан, құны 12 миллион теңге болатын бір бөлмелі пәтер ойнатылды. Мен өзім құрылысшымын, құрылыс компаниясының иесімін, біз Астанада және Қазақстан бойынша тұрғын-үй кешендерін саламыз. Мерейтойымда қонақтарыма осындай сыйлық жасауды шештім. Сонымен қатар әдеттегі сыйлықтар, орамалдар, бірнеше телефондар болды.
Мерейтойға 300 қонақ келді, оның 50-60-ы балалар болды. Бір адам басына 45 мың теңгеден, яғни 250 адамға 10 миллионнан сәл асатын сома шықты. Мерейтойдың өзі Алматының тау бөктерінде өткізілді. Бұл әдеттегідей өтетін той, ешқандай ерекшелік жоқ деп ойлаймын. Мерейтойда менің туыстарым, достарым ғана болды. Бас-аяғы 300 адамға 20-30 миллион аралығында қаражат кетті. Алматыда апта сайын осындай тойлар өтіп тұрады, ешқандай ерекшелік жоқ», - деді Мақсат Раманқұлов.
Сонымен қатар, Раманқұлов өзінің меценат екенін және ұлттық спорт түрлерін қолдайтынын тілге тиек етті. Кәсіпкер су тасқыны кезінде 50 отбасына 5 миллион теңгеге жуық қаржыға гуманитарлық көмек жинағанын қоса айтты.