Танымал бапкер Мұхит Амантаев YouTube-тағы «Бірінші Бол» арнасына берген сұхбатында Бейжің Олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев туралы жылы пікір білдірді, деп хабарлайды Alash.kz.
«Қазір бокста бірінші орында тұрған ел – Өзбекстан. Әлем, Азия чемпионаттарының, Олимпиаданың алтынын да өзбектер алып жүр. Ал Бақыт Сәрсекбаев – өзбек боксшыларының әлсіз және мықты тұстарын жақсы білетін адам. Ол Қазақстан құрамасындағы жігіттерге өзбектерді қалай жеңуге болатынын үйрете алады», – деді Мұхит Амантаев.
Айта кетейік, Бақыт Сәрсекбаев – Павлодарда туғанымен, Ташкент облысындағы Табақсай ауылында өскен. 12 жасында боксқа келген ол жеті мәрте Өзбекстан чемпионы атанған. 2004 жылы Афина Олимпиадасына іріктеуден өте алмай, Қазақстанға оралып, ұлттық құрама намысын қорғауға шешім қабылдаған.