Alash.kz ұлттық порталы жаңа жылдық өлең-жырлары мен ақ бата ұсынады.
Оқушыларға арналған жаңа жылдық өлең-жырлар
Құтты болсын Жаңа жыл келіп жеткен,
Қуанышты мейрам бұл көптен күткен.
Ақ пейіл мен ниетпен көмкерілген
Орындалсын армандар үміт еткен.
Аппақ қарға оранған аппақ әлем,
Құтты болсын жылымыз жаңа келген.
Шаттық, табыс, береке көл-көсір боп,
Арналады өзіңе жыр мен өлең.
Жаңа жылда еліміз өркендесін,
Берік ұстап, әрине, ел іргесін.
Бейбіт заман, тыныштық мәңгі болып
Бақ пен ырыс жеріме кеп төрлесін!
Жерім аман, жұртым да тыныш болсын,
Әрбір іске шынайы көңіл толсын!
Бірлік пенен ынтымақ үстем болып,
Жаңа жылым еліме Бақ боп қонсын!
Жаңа жылға ақ бата!
Құтты болып Жаңа жыл,
Бірлік болсын елімде!
Кәсіп, еңбек адал боп,
Өркендесін Жерім де!
Құтты болып Жаңа жыл,
Әділ қоғам орнасын!
Аман болып қазағым,
Бір жаратқан қолдасын!
Құтты болып Жаңа жыл,
Ел пейілі түзелсін!
Арамтамақ, жемқорлар
Бірі қалмай күзелсін!
Құтты болып Жаңа жыл,
Білім-ғылым жол ашсын!
Саналы боп ұрпағым
Атақ-даңқы тарасын!
Құтты болып Жаңа жыл,
Тілім, ділім сақталсын!
Ұлтжанды боп ұрпағы
Өз елімен мақтансын!
Құтты болып Жаңа жыл,
Рухы ассын жастардың!
Шалмақ болған жан-жақтан
Іші күйсін қастардың!
Құтты болып Жаңа жыл,
Жарқын болсын әр күнім!
Тәуелсіздік тұғыры
Берік болсын Мәңгілік!