Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Өмір үшін күресіп жатырсың" - Астанада балаларды өрттен құтқарған фельдшер жансақтау бөлімінде жатыр

19:09, 13 қараша 2025 212

Астанада 8 қараша күні Тәуелсіздік көшесінде болған төтенше жағдай кезінде бірнеше баланың өмірін аман алып қалған фельдшер ауыр халде ауруханада ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды Alash.KZ.

Куәгерлердің айтуынша, оқиға кезінде әйел адам Төтенше жағдайлар қызметі келмей тұрып, жалынның арасынан балаларды құтқарып шыққан. Алайда өзі қатты күйік алып, есінен танып қалған. Қазір ол №1 көпбейінді қалалық аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр.

Зардап шеккен фельдшердің әпкесі Гүлжан әлеуметтік желіде сіңлісіне арнап жүрек тебірентерлік жазба қалдырды:

«Алла ұлық, айналайын сіңлім, сен мықтысың, ботам. Кеше ғана күліп жүрген едің, бүгін өмір үшін күресіп жатырсың. Барша ел сенің сауығып кетуіңді тілеп отыр. Әділет күйеу балаңа да алғыс — сені бір сәт те тастамай, дұға жасап, жаныңнан табылып отыр. Біз сенің оянатыныңа сенеміз, батыр қызым. Барша тілекші жандарға амандық тілеймін».

Қазір Ұлдана есімді фельдшердің туыстары ауруханада кезекшілік етіп, оның есін жиюын тағатсыздана күтуде. Әлеуметтік желі қолданушылары да оның ерлігіне сүйсініп, «Нағыз қаһарман» деп атап, тез сауығып кетуін тілеп жатыр.

Дәрігерлердің айтуынша, фельдшердің жағдайы тұрақсыз ауыр деп бағалануда, алайда оның өмірін сақтап қалу үшін барлық қажетті шаралар жасалуда.

Ұлдананың ерлігі қоғамда үлкен қолдау мен құрметке ие болды — ол өз өмірін қауіпке тігіп, балаларды ажал аузынан құтқарып қалған нағыз батыр ретінде есте қалмақ.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар