Қазақстанда Ұлттық банктің негізгі мөлшерлемені қайтадан төмендеткеніне қарамастан, екінші деңгейлі банктердің несиелері мен ипотека пайыздары неліктен арзандамай отырғандығы белгілі болды. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz.
Ұлттық банк басшысының сөзінше, мөлшерлеме өзгерісінің әсері нарықта бірден байқалмайды. Бұл – қысқамерзімді құрал болғандықтан, әрдайым белгілі бір уақытша кешігумен жұмыс істейді.
«Негізгі мөлшерлеме арқылы біз үш, бес немесе жеті жылдық несиелерге тікелей әсер ете алмаймыз. Бұл мән-жайды да ескеру қажет. Десе де, мөлшерлемелерді төмендету процесі біртіндеп басталды. Бұл жағдай анық көрінетін ақша-кредит саясаты туралы есеп пен несиелеу жөніндегі баяндаманы жақында жариялаймыз», – деп түсіндірді Тимур Сүлейменов.
Бас қаржыгердің айтуынша, бұрын алынған несиелер бойынша жасалған келісімшарттар өзгермейді. Сондықтан жаңа мөлшерлеменің халықтың несие жүктемесіне толық ықпал етуі үшін белгілі бір уақыт қажет.
Сонымен қатар, Ұлттық банк төрағасы қаржы ұйымдарының өте жоғары табыс табатын кезеңі аяқталғанын атап өтті.
«Бұл жылы банктердің табыстылығы абсолютті де, пайыздық көрсеткіш бойынша да айтарлықтай төмендеді. Өте жоғары табыс табатын кезең аяқталды. Банктердің табыстылығы азайып, қалыпты деңгейге түсіп жатыр. Бұны дұрыс бағыт деп есептейміз. Нақты цифрларға сүйеніп сөйлеген жөн. Қазіргі уақытта банктік табыстылықты қалыпқа келтіру және бұл әсерді несие берушіге де, қарыз алушыға да теңдей бөлу процесі жүріп жатыр деп санаймын», – деді ол.
Айта кетейік, Ұлттық банк негізгі мөлшерлемені жылдық 16,75 пайыздан 16,25 пайызға дейін төмендетті. Бұл – соңғы айлардағы қатардан кейінгі үшінші төмендеу. Инфляцияның баяулауы мен теңгенің нығаюы бұл шешімге басты себеп болғанымен, Ұлттық банк өкілдері оны одан ары төмендету мүмкіндігі әлі де шектеулі екенін ескертеді.