Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Өзбекстандық профессор тыңшы ма - ҰҚК тың ақпарат таратты

22:01, 03 қыркүйек 2026

Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті Астанада тыңшылық жасады деген күдікпен ұсталған Өзбекстан азаматы Икболжон Карабоевтың ісіне қатысты түсініктеме берді, деп жазады Alash.KZ.

Ведомствоның хабарлауынша, профессорға қатысты қылмыстық іс туралы Өзбекстан тарапы дипломатиялық арналар арқылы ресми түрде ақпараттандырылған.

ҰҚК бұл жөнінде журналистердің сауалына берген жауабында мәлімдеді.

«ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдары жария етуге жатпайды. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, өзбек тарапы бұл іс туралы дипломатиялық арналар арқылы ресми түрде хабардар етілді», – деп хабарлады комитет.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті тергеу барысына қатысты қосымша ақпарат бермеді. Ведомство бұған сотқа дейінгі тергеу материалдарын жария етуге заңмен шектеу қойылғанын себеп ретінде келтірді.

Икболжон Карабоев биыл шілде айында Астанада ұсталған. Өзбекстан азаматы Андижан қаласында дүниеге келген, жасы – 46-да. Карабоев елордадағы жоғары оқу орындарының бірінде халықаралық қатынастар пәнінен сабақ берген. Ол Астанада әйелі және кәмелетке толмаған үш баласымен бірге тұрған.

Бұған дейін халықаралық БАҚ оның ұсталуына қатысты істің мән-жайын анықтауға тырысқан. BBC мәліметінше, профессорға қатысты қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 176-бабы – «Шпионаж» бойынша тергеліп жатыр.

Аталған бап шетел мемлекетінің немесе ұйымының мүддесі үшін мемлекеттік құпияларды беру, жинау, ұрлау немесе сақтау, сондай-ақ шетел азаматтарының Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне қарсы бағытталған өзге де ақпаратты жинауы сияқты әрекеттер үшін жауапкершілік қарастырады.

Карабоевтың ұсталуынан кейін оның қызметіне қатысты да ақпарат пайда болды. MNU университеті Ulysmedia.kz-ке профессордың оқу орнында енді жұмыс істемейтінін хабарлаған.

Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу жалғасып жатыр. ҰҚК тергеудің нақты қандай кезеңде тұрғанын және профессорға қатысты қандай дәлелдер бар екенін жарияламады. Қылмыстық істің түпкілікті нәтижесі сотқа дейінгі тергеу аяқталып, сот шешімі шыққаннан кейін белгілі болады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар