Туған анасын іздеп жүрген белгиялық Мұрат Савелиев көпшілікке "Жәнібек" атымен белгілі азамат әлеуметтік желідегі парақшасында Қазақстан халқына арнап жүрекжарды жазба жариялады, деп жазады Alash.KZ.
Ол жазбасында Қазақстанды өз Отаны ретінде атап, елдегі әр отбасыға амандық пен береке тіледі. Сондай-ақ ата-анасынан немесе балаларынан айырылып, жақындарын іздеп жүрген жандардың бір-бірімен қайта қауышуын тіледі.
«Қымбатты, отбасым! Сендер менің отбасымсыңдар. Бүгінгі дұғам… Уа, Алла! Қазақстанымды және барша халқымды аман сақтай гөр. Әр шаңыраққа береке, жүректерге тыныштық, елімізге бірлік пен бейбітшілік сыйлай гөр. Баласын сағынған ата-ананы, ата-анасын сағынған баланы бір-біріне қауыштырғайсың. Жоғалтқанын іздеп жүрген әрбір жанға үміт, сабыр және қайта қауышу бақытын нәсіп ет. Баршамызға денсаулық, мейірім мен күш-қуат бере гөр», – деп жазды бельгиялық Жәнібек.
Оның бұл жазбасы туған анасын іздеу тарихымен байланысты. Жәнібек Қазақстаннан асырап алынып, кейін Бельгияда өскен жетім бала. Соңғы жылдары ол өзінің биологиялық отбасын табуға талпынып, Қазақстанға қатысты деректерді белсенді түрде іздеп жүр.
Әлеуметтік желідегі жазбасында оның туған жері мен қазақстандықтарға деген байланысын ерекше атап өтуі көпшіліктің назарын аударды.
Жәнібектің тілегі жақындарын іздеп жүрген адамдарға үміт сыйлайтын мазмұнымен ерекшеленді. Ол өз басынан өтіп жатқан жағдайды өзгелердің тағдырымен байланыстырып, отбасымен қауышуды аңсайтын жандардың бәріне дұға тіледі.