Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот отырысында сот-медициналық сараптаманың қорытындысы жарияланды. Мамандар марқұмның алған жарақаттары мен өлімінің арасында тікелей байланыс бар деген тұжырымға келген, деп жазады Alash.KZ.
Сараптама мәліметінше, Ұлдана Мырзуан көпқабатты тұрғын үйдің қасбетінен кірпіштердің құлауы салдарынан басынан ауыр жарақат алған.
Сотта оқылған қорытындыда оның ашық бас-ми жарақаты болғаны айтылды. Жарақат салдарынан бас сүйектері сынып, ми қабықтарының астына қан құйылған. Сондай-ақ ми тінінің зақымдануы мен ісінуі байқалған.
«Бас сүйектерінің сынуы, ми қабықтарының астына қан құйылуы және ми жарақатымен қатар жүрген ашық бас-ми жарақаты салдарынан ми тіндері ісініп, домбығып, ми құрылымдарының ығысу синдромы дамып, ми бағаны қысылған», – делінген сараптама қорытындысында.
Сотта сөз алған сарапшының айтуынша, Ұлдананың бет аймағында да ауыр жарақаттар анықталған. Атап айтқанда, оның көз шарасы мен бет сүйектері сынған.
Бас сүйегінен маңдай, төбе және самай аймақтарын бойлай өтетін сызықтық сынық анықталған. Сонымен қатар мамандар марқұмның басында көлемі едәуір үш түрлі гематома пайда болғанын анықтаған. Қан ұйындысы ми тіндерін қысып, оның қалыпты жұмысына кедергі келтірген.
Сарапшының қорытындысына сәйкес, жарақаттардың ауырлығы өмірге қауіп төндіретін деңгейде болған. Маман Ұлдана Мырзуанның алған жарақаттары өлімге әкелгенін және олардың арасында тікелей себеп-салдарлық байланыс бар екенін мәлімдеді.
Осылайша, сотта жарияланған сараптама қорытындысы марқұмның көпқабатты үйдің қасбетінен құлаған кірпіштерден алған ауыр жарақаттарының салдарынан көз жұмғанын көрсетеді.