Танымал актер әрі спортшы Еркебұлан Тоқтар қазіргі актерлік гонорары, рөл таңдаудағы талаптары және түсірілім алаңындағы күрделі сәттері туралы айтып берді. Өнер иесі бір күндік түсірілімге қанша ақы сұрайтынын да ашық айтты, деп жазады Alash.KZ.
Бұл туралы ол PROMMA PODCAST подкастына берген сұхбатында әңгімеледі.
Еркебұлан Тоқтардың сөзінше, бүгінде ол бір түсірілім күніне өз бағасын 10 мың доллар көлемінде белгілеген. Алайда актер бұл соманы өзінің нақты нарықтық құны деп есептемейтінін атап өтті.
Оның айтуынша, мұндай бағаны белгілеу арқылы ол өзіне тиімді жобаларды таңдауға мүмкіндік алады.
«10 000 доллар сұраймын. Бұл менің дәл сондай ақшаға тұратынымды білдірмейді. Мысалы, 10 000 долларға басқа да актерларды шақыруға болады, соларды ала беріңіздер. Мен негізгі ақшамды ұстап тұрмын. Әдейі осылай белгілеп қойдым: бір түсірілім күні – 10 000 доллар. Төлейтін болсаң, түсіп беремін. Төлемейсің бе, онда мен жұмыссыз қаламын. Бұл – өте жақсы баға. Біріншіден, қазір тегіннен-тегін түскің келмейді. Екіншіден, егер біреу қатты түсіргісі келсе, сондай ақша төлеп, түсіріп алады. Енді 10 күн түссең – 100 000 доллар табасың. Я болмаса бәйгеге қатысамын, онда да шамамен осындай қаржы алуға болады. Әрі жаттығу жасап, уақытыңды тиімді өткізесің. Шамамен 14 смена болады, ол – екі аптадай уақыт. Бірақ әлі маған мұндай ақша төлеген жоқ», – деді Еркебұлан Тоқтар.
Актердің айтуынша, оның басты мақсаты – кез келген жобаға қатыса беру емес, уақыты мен еңбегіне лайықты ұсыныстарды таңдау.
Еркебұлан Тоқтар алдағы уақытта күрделі әрі мінезі ерекше кейіпкерлерді сомдауға қызығатынын айтты. Соның ішінде ол бандит бейнесін ойнағысы келетінін жасырмады.
Актер бұған дейін «Сержант» фильміндегі рөлге кастингке барғанын еске алды. Алайда оған ұсынылған кейіпкердің экрандағы уақыты аз болғандықтан, бұл жобадан бас тартқан.
«Мен бандиттің рөлін ойнағым келеді. Мәселен, «Сержант» фильміне шақырған болатын. Соған мен жас Сержанттың рөлін ойнауым керек еді. Олар: «Сені бірден алғымыз келеді» деген жоқ, кастингке шақырды. Мен бардым да: «Қанша смена болады?» – деп сұрадым. Олар: «Бірінші серияда екі сменадай ойнап өлесің, ары қарай кейіпкер есейгенде басқа актер ойнайды» – деді. Мен: «Онда маған мұның керегі жоқ» – дедім. Шыны керек, ол кезде кішкене менсінбей қалған едім. Дегенмен сондай бір рөлде ойнағым келетіні жасырын емес. Жақсы рөл болса, келісер едім. Қазір 90-жылдар туралы фильм түсірмейді, ол да дұрыс емес негізі. Дегенмен іштей сондай кейіпкерді ойнап көргім келеді. Түсірмей-ақ қойса да мейлі, ештеңе етпейді. Тіпті дауысымды да өзгеше етіп: «По-другому я с вами буду разговаривать» немесе «Вы что, рамсы перепутали?» деп ойнауға болады. Ол үшін шашты өсіру керек болады», – деді ол.
Спортпен кәсіби түрде айналысатын актер физикалық тұрғыдан ауыр сахналарға дайын екенін айтқанымен, кейбір түсірілімдердің оңайға соқпайтынын атап өтті.
Ол «Арлан» фильміндегі жұмысты мансабындағы ең күрделі түсірілімдердің бірі ретінде атады. Әсіресе жүгіру және жекпе-жек көріністері көп күш талап еткен.
«Маған «Арлан» фильміндегі рөл өте қиын болды. Күнделікті жаттығулар, әсіресе шешуші раундтағы түсірілімдер оңай тимеді. Режиссер: «Тауға қарай жүгіресің, аттармен жарысасың. Аттар жаныңа келгенде жылдамдықты арттырасың, біз сені жаныңнан квадроциклмен түсіріп отырамыз» – деді. Мен аттармен бірге жоғары қарай жүгірдім. «Стоп» демеген соң, бір жарым минут бойы тоқтамай жүгіруге тура келді. Негізі кадрға 30-40 секунд қана керек еді. Камера түсіріп тұрған соң, қателік жіберуге болмайды. Бір жүгіріп шықсам, режиссер: «Жоқ, қайтадан түсіреміз» – деді. Сонымен қайтадан разворот алып, 5 реттей қатты жүгірдім. Бірақ сол түсірілімде жақсы физикалық форма жинап алдым. Одан кейін бір жарым-екі аптадай тек төбелес сахналарын түсірдік. Каскадерлік әдістерді қолданып, соққыларды шынайы етіп көрсетуді үйрендік», – деді Еркебұлан Тоқтар.
Актердің айтуынша, экрандағы бірнеше секундтық көріністің артында кейде бірнеше сағаттық дайындық пен қайталап түсіру жұмысы тұрады. Әсіресе экшн жанрындағы фильмдерде актерден физикалық дайындықпен қатар, каскадерлік техниканы меңгеру де талап етіледі.