Орал қалалық соты бұрынғы жұбайына ауыр дене жарақатын салған жергілікті тұрғынға қатысты қылмыстық істі қарап, үкім кесті, деп хабарлайды Alash.kz.
Іс материалдарына сүйенсек, отбасылық жанжал үстіміздегі жылдың наурыз айынан бері бірге тұрып жатқан ерлі-зайыптының арасында туындаған. Сөзден керісіп қалған сәтте мас күйде болған әйел ас үй пышағын алып, бұрынғы күйеуінің оң жақ жауырын тұсына сұғып алған.
Алған жарақат салдарынан жәбірленушінің денсаулығына ауыр зиян келген. Сот процесі барысында айыпталушы өз айыбын толықтай мойындады.
Сот жаза тағайындау кезінде айыпталушының кәмелетке толмаған баласы бар екенін жауаптылықты жеңілдететін мән-жай ретінде назарға алды. Сот үкімімен ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 106-бабы 1-бөлігі («Денсаулыққа әдейі ауыр зиян келтіру») бойынша кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды.
Дегенмен, сот айыпталушының кішкентай баласы барын ескере отырып, жазаны өтеу мерзімін 1 жылға кейінге қалдырды. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ, тараптар белгіленген тәртіппен апелляциялық шағым түсіре алады.