Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Уақытша тоқтатылды». Ұлдана Мырзуан ісі: Сотталушыға не болды?

09:51, 04 қыркүйек 2026

Астананың Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында қызмет барысында қаза тапқан жедел медициналық жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот процесі жалғасып жатыр, деп хабарлайды Alash.kz.

Сот отырысының басында адвокат А. Таңқыбаев тұрғын үй кондоминиумының бұрынғы сенімді өкілі Г. Ахметовадан қайта жауап алуды, сондай-ақ тергеуде жауап алынбаған К. Тәжібаевтың суыртпақтау хаттамасы мен адвокаттық сұранысты іске қосуды өтінді. Судья бұл өтінішхатты ішінара қанағаттандырды.

Процесс барысында куәгерлерден жауап алу процедурасы жүргізілді. Атап айтқанда, 2021 жылы аталған ғимараттың қасбетін жөндеген өнеркәсіптік альпинист С. Тимуш пен осы үйдің тұрғыны К. Костенко жауап берді.

Сотталушының денсаулығы нашарлап, өзін жайсыз сезінуіне байланысты одан жауап алу уақытша тоқтатылып, келесі сот отырысы 9 қыркүйекке белгіленді.

Түстен кейін қорғау тарапының өтініші бойынша қосымша куәгерлер шақырылып, іс материалдары зерттелді. Бұдан бұрын өткен отырыстарда марқұмның күйеуі Әділет Зейнел, бірге жүрген әріптесі Дильназ Байзакова, сондай-ақ ТЖД қызметкерлері мен үйдің бұрынғы меңгерушісі жауап берген болатын.

Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 2025 жылдың 8 қарашасында орын алды. Тәуелсіздік даңғылындағы шақыруға келген Ұлдана Мырзуанның үстіне ғимарат қаптамасының кірпіштері мен кондиционер бекіткіші құлаған. Ауыр жарақат алған фельдшер 18 қарашада реанимацияда көз жұмды. Аталған қылмыстық іс сотқа 2026 жылдың 6 тамызында жолданды.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар