Атырау облысында төрт адамның өліміне кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылған Сұлтан Сәрсемалиевке қатысты сот үкімі заңды күшіне енді. Сотталған азамат пен оның қорғаушысы тарапынан апелляциялық шағым түспеген, деп хабарлайды Alash.kz.
Енді Сәрсемалиев жазасын өтеу үшін қылмыстық-атқару жүйесінің тиісті мекемесіне жіберіледі. Алайда негізгі үкімнен бөлек, сот процесі аяқталғаннан кейін іс бойынша қаржы ұйымы тарапынан апелляциялық шағым түсті. Ол сотталған азаматтың жазасына емес, соттың банкке қатысты шығарған жеке қаулысына бағытталған.
Іс материалдарына сәйкес, қылмыс отбасылық жанжал салдарынан орын алған. Сотталушы 2025 жылдың мамырында Атыраудағы жалға алынған үйде Наурыз Мұқанғалиевті өлтіріп, денесін жасырған. Ал қараша айында жұбайының ата-анасы Мақсот Қарабалин мен Насіп Өтешқалиеваны, сондай-ақ Мейрамгүл Қарабалинаны қастандықпен өлтірген. Сараптама нәтижесі Сәрсемалиевті есі дұрыс деп таныған соң, сот оған ең ауыр жаза кесті.
Тергеу барысында Сәрсемалиевтің бірінші құрбаны қайтыс болғаннан кейін, оның банк қосымшасын пайдаланып тауарлық несиелер алғаны белгілі болды. Жарты ай ішінде марқұмның атынан 4 миллион теңгеден астам қаражат рәсімделіп, кейін қолма-қол ақшаға айналдырылған.
Алаяқтық әрекет анықталған соң, банк бұл берешекті есептен шығарды. Дегенмен сот клиенттің тікелей қатысуынсыз онлайн несие беру жүйесіндегі олқылықтарға назар аударып, қаржы ұйымына тауарлық несие беру тәртібін қайта қарауды және бейнерастау сияқты сәйкестендірудің қосымша тәсілдерін енгізуді жүктеген жеке қаулы шығарған еді. Қазіргі таңда Kaspi Bank бұл жеке қаулымен келіспей, шағым түсірді. Қаржы ұйымы аталған эпизод бойынша өзін жәбірленуші тарап деп есептемейтіндіктен, банктің бұл шағымы сотта бөлек қаралады.