Павлодарда Ясмина есімді жасөспірім әкесі қайтыс болғаннан кейін анасымен бірге қиын жағдайға тап болғанын айтып, көпшіліктен көмек сұрады. Қыздың сөзінше, әкесін жерлегеннен кейін туған әжесі оларды үйден шығарып, баспанаға кіргізбей қойған, деп хабарлайды Alash.kz
Жасөспірімнің айтуынша, әкесі 12 қыркүйекте жазатайым оқиға салдарынан суға батып қаза тапқан. Отбасы бұл қайғыны енді ғана еңсеруге тырысып жүргенде, күтпеген жағдайға тап болған. Ясмина әкесін соңғы сапарға шығарып салғаннан кейін өмірлерінің күрт өзгергенін айтады. Оның сөзінше, әкесінің туыстары үйде ешкім болмаған сәтті пайдаланып, есіктің құлыптарын ауыстырып тастаған.
«Менің атым Ясмина. Менің әкем 12 қыркүйекте жазатайым оқиғаның салдарынан қаза тапты. Ол суға батып кетті. Әкемді соңғы сапарға шығарып салған соң, ең қорқынышты күндер басталды. Мен өзімді қауіпсіз жерде сезіне алмаймын. Біздің үйде болмағанымызды пайдаланып, құлыптарды ауыстырып тастаған. Әкемнің анасы бізді қуып шықты», – дейді жасөспірім.
Қыз әкесінің жеке заттарына да қол жеткізе алмай отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, марқұмның бағалы сағаттары болған, алайда туыстары оларды қайтармаған. Сондай-ақ өзін және анасын бір жарым ай бойы үйге кіргізбегенін мәлімдеді. Ясмина үшін ең ауыры – әкесінен айырылғаннан кейін жақын адамдарынан қолдау көрмеуі.
«Мен әкемнің жалғыз қызымын. Оның басқа баласы жоқ. Неге біз көшеде қаңғып жүруіміз керек? Анам әлі күнге дейін әкемді жоқтап, жылап жүр. Ал оның туыстары мені адам құрлы санамай отыр», – дейді ол.
Жасөспірімнің жанайқайы әкесінен айырылған отбасының баспана мәселесін де алға шығарды. Алайда үйдің заңды иесі кім екені, мұрагерлік құжаттардың рәсімделуі және тараптар арасындағы даудың құқықтық мән-жайы әзірге белгісіз. Қыздың туыстарының бұл жағдайға қатысты ұстанымы да жарияланған жоқ. Сондықтан жасөспірімнің айтқан айыптаулары тәуелсіз түрде расталмаған.