Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Не жазығы бар: Әлемде 400 млн бала қарулы қақтығыс аймақтарында өмір сүруде

09:26, 28 маусым 2024 441

Әлемде жыл сайын 5 миллионнан астам баланың құқығы тапталады, деп Alash.kz ұлттық порталы 24kz арнасына сілтеме жасап.

Ал әр күн сайын 140-қа жуық әйел босану немесе жүктілік кезінде көз жұмады. Өйткені миллиондаған әйел әлі де сапалы медициналық көмекке қол жеткізе алмай отыр. Жаға ұстатарлық деректі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жариялады. Тұрмысы нашар елдерді айпағанда, медицинасы әлдеқайда дамыған мемлекеттерде де жағдай мәз емес. Былтыр Еуропада жүктілік кезіндегі өлім көрсеткіші 17% өскен.

Әлемде ана мен бала құқығын бұзу жағдайлары көбінесе кедей елдерде жиі тіркеледі. Балаларға қарсы қылмыстардың басым бөлігі Газа секторында, Буркина-Фасо, Мьянма, Ауғанстан, Сирия мен Сомалиде жасалады. Ал қара құрлықтағы көп елде босану кезінде 70% жағдай өліммен аяқталады.   Таяу Шығыстағы ахуал ушығып барады Қазір әлем назары Таяу Шығыстағы Газа секторында. Мұндағы халықтың жағдайы күн санап ушығып барады.

Ең сорақысы, қақтығыс басталғалы 15 мыңдай бала мен 10 мыңға жуық әйел көз жұмған. Әйелдердің дені босану кезінде медициналық көмекке қол жеткізе алмай қайтыс болған. Қазір айы-күні жетіп отырған 60 мың жүкті әйел бар. Ал, дәрігерлер болашақ аналар мен сәбилер жайына алаңдаулы. Өйткені перзентханалар түгел қираған. Оның үстіне әйелдердің дені тойып тамақ ішпейді, қақтығыстан әбден қажып, күйзеліске түскен. Уақытынан ерте босану көп. Сәйкесінше, шетінеу деректері де артқан. Аштықтан көз жұмғаны қаншама?! Бұл – әлем бойынша кейінгі 4 жылдағы балалар өліміндегі ең жоғары көрсеткіш.

 «Газа секторында күн сайын 180 әйел өте ауыр, қорқынышты жағдайда босанады. Көбі анестезиясыз, кесарь тілігі арқылы дүниеге сәби әкеледі. Ота үстінде көз жұматындары қаншама?! Ана мен баладан қатар айырылып қалған жағдайлар да жиілеген. Ал қақтығыс аймағында әр 10 минут сайын бір бала өлтіріледі немесе ауыр жарақат алады», - деді БҰҰ Адам құқы жөніндегі басқармасының баспасөз хатшысы Равина Шамдасани.

ЮНИСЕФ ұйымының дерегінше, аймақтағы балалардың шамамен 65 мыңы көру, есту, жүру, түсіну қабілетінен айырылған. 2 жасқа дейінгі 8 мыңға жуық бала дұрыс тамақтанбаудан жапа шегіп отыр. 5 жасқа дейінгі 175 мың бала түрлі жұқпалы аурудың зардабын тартуда. Олардың барлығы психикалық және психоәлеуметтік қолдауға мұқтаж.

 «200 күннен бері жалғасып жатқан қақтығыс балалардың өмірін тас-талқан етті. Рафах Газа секторындағы бейкүнә балалардың ең қауіпті қаласына айналды. Әскери операцияның кесірінен оларға физикалық және психикалық, зорлық-зомбылық қаупі төніп тұр», - деді ЮНИСЕФ ұйымының атқарушы директоры Кэтрин Рассел.

Әлемнің көп елінде балалар құқығын бұзу деректері тыйылмай тұр. БҰҰ осылай дейді. Олардың сөзінше, былтыр 33 мыңға жуық жағдай тіркелген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 21%-ке артық. Әсіресе, Судан, Гаити, Конго елдерінде бала құқы жиі тапталады. Мұнда өткен жылы 5 мың жеткіншек көз жұмып, 6 мыңға жуығы түрлі жарақат алған. Тағы 8 мыңдайы құлдықтың құрығына түскен. Оның 15%-і қыз балаларды қанау, зорлау деректері. 4 мыңнан астам бала ұрланған. Айта кетейік, бүгінде әлем бойынша 400 миллионға жуық бала қарулы қақтығыс аймақтарында өмір сүріп жатыр.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар