Танымал әнші Жеңіс Ысқақова берген сұхбатында қоғамдағы өзекті тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Alash.kz.
Өнер иесінің айтуынша, әйел адамның шыдамдылығы отбасындағы күнделікті күйбең тіршілік пен баланың еркелігін көтеруде көрінуі тиіс. Ол «шыдамдылық» пен отбасылық зомбылыққа көз жұма қарауды екі бөлек дүние деп атап өтті. Әнші балаларының көзінше әйеліне қол жұмсайтын ер азаматтардың әрекетін сорлылыққа балап, әйелдерді өз өмірін, отбасы мен балаларын қорғауға шақырды. Сонымен қатар ол мәселені ұрып-соғумен емес, парасатты түрде, сөзбен сөйлесіп шешу керектігін жеткізді.
Жеңіс Ысқақова: «Шыдамдылық деген жұмыстан шаршап келгенде балаңның еркелігін көтеру, күйеуіңнің шайын құйып беру. Соның өзін қиындатады. Ал қазіргі қоғамда еркектердің әйелдерін балалардың көзінше нұқуы — нағыз сорлы еркектің тірлігі. Ол сорлылыққа әйел шыдамау керек. Ол кезде шыдамсыздық бөлек дүние. Бұл жерде әйел өзінің балаларын, отбасын, өзін қорғау керек. Саған «жүр, сөйлесіп келейік сыртқа» демесе, салып жібереді екен! Сөзбен түсіндір. Бір еркекті тоқтата алмайсың ба?», — деді.