Бетперде киген жігіт 13 жастағы Алиманың отасына қаражат бөліп, отбасыға пәтер сыйлады, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.
Көпшілікке «Бетперде киген адам» атымен белгілі белгісіз қайырымды жан тағы бір игі іске себепкер болды. Бұл жолы көмекті қажет еткен жан – 13 жастағы Алима. Ол – үшінші топтағы мүгедек, жүрек дертімен ауырады.
Алима анасымен және кәмелет жасына толмаған інісімен бірге жалдамалы пәтерде тұрады. Отбасының жағдайы қиын болғанымен, бұл оқиға олардың өмірін түбегейлі өзгертті.
Бетперде киген адам Алиманың Германияда жүрегіне кардиодефибриллятор орнату үшін жасалатын отасына толықтай қаражат бөліп, отбасыға баспана сыйлады.
Ол өз жазбасында былай деді:
«Алла қаласа, Алима Германияға барып, жүрегіне кардиодефибриллятор орнату отасына қатысады. Егер Алиманың және інісінің білім алуға деген ынтасы болса, біз оларға қай елде болмасын ең жақсы білім алуға көмектесеміз. Анасын да қолдаймыз – қандай іс бастаса да, жанынан табыламыз».
Бұл – Бетперде киген адамның адам тағдырын өзгертетін тағы бір игі ісі. Оның қайырымдылығы көпке үлгі болып, «Жақсылық жасасаң – қайтады» деген сөзді растай түседі.