Алматы облысының Ақтас ауылында тандырханада жұмыс істеген 35 жастағы Өзбекстан азаматы пышақталып, салдарынан көз жұмды, деп хабарлайды Alash.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға тандырханаға келген адам мен сатушы арасында туындаған жанжалдан кейін болған. Сөзге келіспеушілік төбелеске ұласып, 56 жастағы ер адам пышақ қолданған. Кейбір мәліметтерге сәйкес, марқұм кеуде тұсынан екі рет жараланған. Ол алған жарақатынан оқиға орнында қайтыс болған.
Марқұм Ақтас ауылындағы тандырханада шамамен бес жыл жұмыс істеген. Ауыл тұрғындары оны сабырлы, көппен тіл табысатын азамат ретінде сипаттаған. Олардың айтуынша, ол жұма күндері мұқтаж адамдарға нанды тегін таратып жүрген.
Оқиғадан кейін 56 жастағы күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, күдікті кінәсін мойындап, жауап берген.
Қазір жанжалдың нақты неден басталғаны және қылмыстың барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу жалғасуда.