Паралимпиада ойындарының алтын жүлдегері Ербол Хамитов еліміздің спорт саласындағы ең жоғары дәрежелердің бірі – «Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері» куәлігімен марапатталды, деп жазады Alash.kz.
Салтанатты шара барысында арнайы төсбелгі мен құжатты Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов табыс етті. Бұл атақ спортшының халықаралық аренадағы үздік нәтижелері мен мемлекет абыройын асқақтатуға қосқан зор үлесі үшін берілді.
Ербол Хамитовтың бұған дейінгі жетістіктері де мемлекет тарапынан жоғары бағаланған болатын. Атап айтқанда, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев спортшының қажырлы еңбегі мен жеңіске деген құштарлығын ескере отырып, оны III дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттаған еді. Бұл мемлекеттік награда паралимпиадашының кәсіби спорттағы тұрақтылығы мен жоғары көрсеткіштерінің айқын дәлелі ретінде танылды.
Министр Ербол Мырзабосынов марапаттау рәсімі кезінде спортшының жетістіктері өскелең ұрпаққа үлгі екенін айтып, алдағы жарыстарда сәттілік тіледі.