Бокстан Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев 10 тәулікке қамауға алынған Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновке қолдау білдіріп, желіде жазба жариялады, деп хабарлайды Alash.kz.
«Бүгін досым Данияр Елеусіновке өзі үшін осындай қиын сәтте шын жүректен қолдау білдіргім келеді. Данияр – біздің Олимпиада чемпионымыз, өз еңбегімен Қазақстанның атын әлемдік аренада асқақтатқан азамат. Оның жетістіктерінің артында орасан еңбек, тәртіп пен талай жеңіс жатыр. Баршаңызды Даниярға түсіністікпен әрі құрметпен қарауға шақырамыз. Барлық мән-жайдың объективті қаралуын күту керек. Мен Даниярға сенемін. Оның тезірек қатарға оралып, баршамызды жеңістерімен қуанта беруін тілеймін!», – деп жазды Серік Сәпиев.
Еске сала кетейік, бұған дейін Данияр Елеусінов Алматы халықаралық әуежайында болған оқиғадан кейін 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынған еді.