Қазақстанда мемлекеттік қызметшілер үшін жеңілдетілген ипотека енгізу ұсынылды, деп хабарлайды Alash.kz.
Мәжіліс депутаты Ерлан Стамбеков Үкіметті мемлекеттік қызметшілерге арналған жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаны іске қосу мүмкіндігін қарастыруға шақырды. Оның айтуынша, бүгінде мемлекеттік қызметшілер қоғам тарапынан жиі сынға ұшырайды.
- Әсіресе, құзыреттілігі мен жұмысқа тартылу деңгейі расында да көңіл көншітпейтін орта және төменгі буын шенеуніктеріне көп сын айтылады. Бұл ретте мемлекеттік аппараттың атқарушылық және ұйымдастырушылық жұмысын іс жүзінде алға сүйреп отырған орта және төменгі буын қызметкерлерінің мамандар мен бөлім басшыларының шынайы жағдайы ескерусіз қалып жатады. Дәл осы қызметкерлер күрделі әрі жауапты жұмыстың негізгі бөлігін атқарады, бірақ олардың жалақысы 180 мың теңгеден басталады, бұл жүктеме мен жауапкершілік деңгейіне сәйкес келмейді, - деді Ерлан Стамбеков.
Депутат бұған дейін енгізілген факторлық-балдық еңбекақы төлеу жүйесі қаржылық жағдайды жақсарту шарасы ретінде жарияланғанымен, іс жүзінде негізінен жоғары буын басшыларының табысын арттырғанын атап өтті. Қызметкерлердің көпшілігі үшін жағдай жақсармаған, керісінше еңбекақы төлеудегі теңсіздік күшейе түскен.