Маңғыстау облысында қыз алып қашқан екі адамға сот үкімі шықты. Бұл туралы Маңғыстау облысының прокуратурасына сілтеме жасап Alash.kz хабарлады.
Мұнайлы аудандық соты әр айыпталушыны 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Үкім заңды күшіне енген.
Прокуратура мәліметінше, бұған дейін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіндегі «Неке қиюға мәжбүрлеу» бабы енгізілген. Бұл норма бойынша қызды оның келісімінсіз алып қашу, сондай-ақ некеге тұруға мәжбүрлеу немесе итермелеу – дербес қылмыстық құқықбұзушылық болып саналады.
Мамандардың айтуынша, бұл өзгеріс әйелдердің құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланып отыр. Заңға сәйкес, мұндай әрекет үшін айыппұлдан бастап 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Айта кетейік, бұған дейін Алматыда өтіп бара жатқан адамдар супермаркет автотұрағында қызды алып қашу әрекетінен құтқарып қалған. Оқиға видеоға түсіп, әлеуметтік желілерде тараған. Кейін полиция бұл жағдай бойынша ешкім ресми түрде арыз түсірмегенін хабарлаған.