Маңғыстау облысы тұрғындары Наурыз мейрамының бастауы саналатын Амал мерекесін дәстүр бойынша Отпан таудың басында атап өтті. Жиналған жұрт бірлік пен ынтымақтың символы – «Бірлік отын» жақты, деп хабарлайды Alash.kz.
Мерекеге аймақ тұрғындарымен қатар, елдің әр өңірінен келген қонақтар да қатысты. Шара барысында халық бір-бірімен көрісіп, көктемнің келуін бірге қарсы алды.
Амал мерекесі немесе Көрісу күні – Наурыз мейрамының басталуын білдіретін көне дәстүр. Бұл күні адамдар қыстан аман шыққанына шүкір айтып, ағайын-туыс, көрші-қолаңмен кездеседі.
Дәстүр бойынша жұрт қол алысып, төс қағысып көріседі, бір-біріне ақ тілектер айтып, жаңа жылдың береке-бірлікпен өтуін тілейді.