Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында танымал блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдау өтті. Сот залынан Alash.KZ тілшісі хабарлайды.
Сот отырысы барысында айыпталушылардың адвокаты тергеу органдары тарапынан бірнеше заң бұзушылықтарға жол берілгенін мәлімдеді. Атап айтқанда, қорғаушы тарап Қылмыстық іс жүргізу кодексінің (ҚІЖК) 24, 113, 125 және 19-баптарының талаптары (жан-жақтылық принципі және кінәсіздік презумпциясы) бұзылғанын алға тартты.
Адвокаттың айтуынша, Жанәбілов пен Төлегенованы қылмыстық жауапкершілікке тартуға тек екі құжат негіз болған.
Оның бірі - Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 15 қыркүйектегі қаулысы.
Қорғаушы тарап блогерлердің әрекетінде Қылмыстық кодекстің 214 (заңсыз кәсіпкерлік) және 218 (қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру) баптары бойынша қылмыс құрамы жоқ екенін алға тартып, істі прокурорға қайтаруды және кейіннен тоқтатуды сұрады. Күдіктілер өз адвокаттарының позициясын толық қолдады.
Мемлекеттік айыптаушы қорғаушы тараптың өтінішін негізсіз деп санады. Прокурордың мәлімдеуінше, іс материалдарында (сараптамалар, қаржылық құжаттар) блогерлердің кінәсін растайтын деректер жеткілікті.
Айыптау тарапының нұсқасы бойынша:
«Zhana Business» ЖШС 2025 жылғы тамыз бен қараша аралығында табыс таппады деген уәж шындыққа жанаспайды;
Күдіктілер қатысушылардан жиналған қаражатты мақсатсыз пайдаланып, оған автокөліктер мен басқа да сыйлықтар сатып алған;
Жанәбілов пен Төлегенова қаражаттың қылмыстық жолмен келгенін біле тұра, оны бөлу схемаларына қатысқан;
Өтініштер мен тараптардың уәждерін тыңдаған соң, судья шешім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кетті.
Еске сала кетейік, даулы мәселе блогерлер Instagram желісінде 11 көлік ұтысын жариялағаннан кейін басталған болатын. Оқырмандар конкурсқа қатысу үшін құны 30 мың теңге тұратын ақылы курсты сатып алуға мәжбүр болғандарына наразылық білдірген еді. Қазіргі таңда блогерлерге екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.