Threads әлеуметтік желісінде оқушының бағасына қатысты туындаған дау педагогтар арасында қызу талқыланды. Мұғалім Эльвира Утембаева тоқсандық бағасы төмен болғаны үшін оқушының ата-анасы мен туыстарынан қысым көргенін жазды, деп хабарлайды Alash.kz.
Оның айтуынша, оқушы алдымен WhatsApp арқылы хабарласып, бағасының дұрыс қойылмағанын айтып, көңіліне тиетін сөздер жазған. Кейін кешкі уақытта оқушының анасы телефон шалып, артынша әпкесі де хабарласып, түрлі айыптаулар айтқан.
Педагогтың сөзінше, үшінші тоқсанның соңы – мұғалімдер үшін ең жауапты әрі ең ауыр кезеңдердің бірі. Бұл уақытта БЖБ мен ТЖБ тексеріліп, қорытынды бағалар қойылады.
Сонымен қатар ұстаз қазіргі кейбір оқушылардың оқуға деген қызығушылығы төмендеп бара жатқанын, үй тапсырмасын орындамайтынын немесе жасанды интеллекттің көмегімен көшіріп әкелетінін де атап өтті. Бірақ соған қарамастан барлығы жоғары баға алғысы келетінін айтады.
Мұғалімнің айтуынша, кейбір ата-аналар тоқсан соңында хабарласып, «директорға шығамыз», «жұмыстан шығартамыз», «сотқа береміз» деген сияқты сөздер айтып қысым жасайды.
15 жылдық тәжірибесі бар педагог мұндай жағдайлар кейде жұмыстан кету туралы ойға да жетелейтінін жасырмаған. Оның пікірінше, мұғалімдер өз балаларына толық көңіл бөле алмай жүріп, өзгенің баласының болашағы үшін еңбек етеді.
Жазба соңында ол қоғамға маңызды сұрақ тастады: «Біз шынымен балалардың болашағы үшін еңбек етіп жүрген мұғалімдерді түсінетін қоғамда өмір сүріп жатырмыз ба және мен осы жұмысты ары қарай жалғастыруым керек пе?»
Бұл жазбаға өзге мұғалімдер де пікір білдіріп, әріптесін қолдаған. Олар кейбір ата-аналар баласының оқуын бақыламаса да, бағасын түзетуге түрлі жол іздейтін жағдайлар кездесетінін айтуда.