Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Жанәбіловтер соты: Судья адвокаттың өтінішін қабылдамады, басты отырыс кейінге қалды

17:12, 13 наурыз 2026

Астанада танымал блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдау аяқталды. Судья Әділбек Баймаханов қорғаушы тараптың істі прокурорға қайтару туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартты.

Еске сала кетейік, бұған дейін хабарлағанымыздай, Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында өткен отырыста айыпталушылардың адвокаты Гаухар Айтжанова тергеу кезінде заң бұзушылықтар болғанын алға тартып, істі тоқтатуды немесе прокурорға қайтаруды талап еткен болатын.

Судья Әділбек Баймаханов адвокаттың өтінішін қарап, келесідей тұжырым жасады:

-Заң бұзушылықтар анықталмады. Сот басты сот талқылауын тағайындауға кедергі болатын Қылмыстық іс жүргізу кодексінің (ҚІЖК) 323-бабында көрсетілгендей «елеулі бұзушылықтарды» тапқан жоқ.

-Кінәсіздік мәселесі басты сотта шешіледі. Адвокат Гаухар Айтжанованың «блогерлердің әрекетінде қылмыс құрамы жоқ» деген уәжіне қатысты мәселе тек басты сот талқылауы кезінде, дәлелдемелерді зерттеп, куәгерлерді тергеген соң ғана шешім шығатынын атап айтты.

-Қаулы: адвокаттың істі прокурорға қайтару туралы өтініші қанағаттандырусыз қалдырылды. Бұл қаулыға жеке шағым келтіруге немесе прокурордың өтініші бойынша қайта қарауға болмайды.

Ерлі-зайыптыларға Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 214-бабы 2-бөлігі («Заңсыз кәсіпкерлік») және 218-бабы 2-бөлігі («Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті заңдастыру, яғни жылыстату») бойынша айып тағылған. Іс бойынша негізгі сот отырысы 2026 жылдың 16 наурызына, сағат 11:00-ге белгіленді. Іс жалпы тәртіппен ашық сот отырысында қаралатын болады.

Сондай-ақ, айыпталушылар Эльмира Төлегенова мен Ерболат Жанәбіловқа қатысты «үйқамақ» түріндегі бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалды.

Еске сала кетейік,  Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты қылмыстық іс олардың Instagram-дағы «11 көлік» ұтысынан кейін қозғалған. Оқырмандар ұтысқа қатысу үшін 30 мың теңге тұратын «Zhana Business» курсын сатып алуға мәжбүр болғандарына наразылық білдіріп, құзырлы органдарға шағымданған.

Егер блогерлердің кінәсі дәлелденсе, олар екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Alash.KZ редакциясы сот процесін бақылауды жалғастырады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар