Астанада өткен Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның кезекті отырысында мемлекеттік тілдің мәртебесі талқыланды, деп жазады Alash.kz.
Жиын барысында мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Ата заңның жаңа жобасында қазақ тілінің орны айқын бекітілгенін атап өтті. Оның айтуынша, Конституцияның бірінші бөліміндегі 9-баптың 1-тармағында еліміздің мемлекеттік тілі тек қазақ тілі екені нақты көрсетілген.
Мемлекеттік кеңесші тілдің елдік тұғыры мен болашағына қатысты өз ұстанымын былайша жеткізді:
«Жаңа Конституцияда мемлекеттік тіл – қазақ тілі тайға таңба басқандай нақты жазылған, айқын бекітілген. Яғни, бізде мемлекеттік тіл біреу, ол – қазақ тілі. Басқа мемлекеттік тіл жоқ. Тіліміз биік тұғырда, өз орнында. Мемлекетіміз барда ол ешқашан ол тұғырдан түспейді».
Сондай-ақ Ерлан Қарин мемлекеттілікті сақтап, ең алдымен ел бірлігін ойлау қажеттігіне тоқталды. Оның пайымынша, «тілдің мәртебесін қорғау - мемлекеттің басты міндеттерінің бірі» болып қала бермек.