Алматы қаласында мемлекет пайдасына тәркіленуі тиіс мүлікті заңсыз иемдену үшін «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» ақпараттық жүйесіне жалған деректер енгізген қылмыстық топқа қатысты сот үкімі шықты, деп жазады Alash.kz Қаржы мониторингі агенттігіне сілтеме жасап.
Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі Қоспаевтың жетекшілігімен әрекет еткен ұйымдасқан қылмыстық топтың ісін тергеп, олардың бірқатар ірі кәсіпорындарды, соның ішінде «AV-Construction», «Стекольный завод», «Шалқар 17» және «Бахар-А» серіктестіктерін рейдерлік жолмен басып алғанын анықтаған болатын. Осы істің аясында сот шешімімен Алматыдағы «Никольский» базарының аумағында орналасқан «Nikolsky Investment» ЖШС-не тиесілі жер телімі мен мүлкіне тәркілеу мақсатында тыйым салынған еді.
Алайда 2025 жылдың қыркүйек айында Аслан Пухаев, Антон Соловьёв және Жақсылық Сәрсенбаев «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының ақпараттық жүйесіне қол жеткізіп, жалған мәліметтер енгізу арқылы аталған шектеуді заңсыз алып тастауды ұйымдастырған. Содан кейін олар жалпы құны 2,2 миллиард теңге болатын мүлік пен жер телімін басқа тұлғаларға сатып жіберу үшін жалған есімдерге қайта рәсімдеген.
Сот шешімі бойынша кінәлі деп танылған тұлғалардың әрқайсысы 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Қазіргі уақытта үкім заңды күшіне еніп, барлық мүлік мемлекет меншігіне толықтай қайтарылды. Қаржылық мониторинг агенттігі мемлекеттік ақпараттық жүйелерге заңсыз қол сұғу және құқыққа қайшы әрекеттер жасау үшін жазаның бұлтартпастығы туралы ескерту жасады.