Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Мәскеуді бомбалап жіберемін": Трамп Путинге ашық түрде қоқан-лоққы жасағанын айтты

16:35, 09 шілде 2025 801

2024 жылы АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп өзінің сайлау кампаниясын қаржыландырушылармен жеке кездесуде Ресей президенті Владимир Путинге қандай қатаң саясат ұстанғанын баяндаған. Бұл туралы CNN жариялаған аудиожазбада айтылған, деп жазады Alash.kz.

Трамптың айтуынша, ол Путинге:

"Егер сен Украинаға басып кірсең, Мәскеуді бомбалап жіберемін", – деп қоқан-лоққы жасаған. Бұл сөзін ол үш рет қайталаған.

Мұндай қоқан-лоққыға Путин "мүмкін емес" деп жауап берген көрінеді. Сонда Трамп оған "құбыр жүйесін өшіргенім есіңде ме?" деп жауап берген. Трамптың пікірінше, Путин бұл сөздерге "10 пайызға сенді".

Трамп нақты қай жылы бұл әңгіменің болғанын айтпаған, бірақ айтылу мәнерінен оның алғашқы президенттік мерзімінде (2017–2021) өткенін болжауға болады. Ол сондай-ақ Джо Байден билікке келгеннен кейін жағдай өзгеріп кеткенін айтқан.

Сол кездесуде Трамп Қытай басшысы Си Цзиньпинге де осыған ұқсас қоқан-лоққы жасағанын баяндаған:

"Егер Қытай Тайваньға шабуыл жасаса, Пекинді бомбалап тастаймын", – деген.

Оның айтуынша, Си "ол есі ауысқан шығар" деп ойлап, ол да Трамптың сөзіне "10 пайызға сеніп қалған".

CNN материалынан бөлек, BBC Трамптың бұл әрекетін "жындының теориясы" деп түсіндірді: Трамптың алдын ала болжауға болмайтын, кейде өзіне қарсы шығатын әрекеттері арқылы қарсыластарын қорқытып, келіссөздерде жеңілдікке қол жеткізуді көздейтіні айтылған. Мысалы, Трамптың НАТО одақтастарына жасаған қысымы оларды қорғанысқа жұмсалатын шығынды ЖІӨ-нің 5 пайызына дейін арттыруға итермелеген.

Соңғы мәлімдемелеріне сәйкес, Трамп Ресей мен Украинаға қатысты көзқарасын өзгертіп, Украинаға көбірек қару жіберуге уәде берген. Ол "Владимир Путин айтып жүрген бос сөзден шаршадым" деп Ресейге қарсы жаңа, қатаң санкциялар енгізу мүмкіндігін ескерткен. Алайда Politico деректеріне сүйенсек, Трамп санкциялардың тиімділігіне онша сенбейді, бірақ оларды келіссөздер кезінде қысым тетігі ретінде пайдаланғысы келеді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар