Ресей президенті Владимир Путин Еуропамен соғыс бастау ниеті жоқ екенін, бірақ қажет болған жағдайда Мәскеу «дәл қазір» жауап беруге дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz.
Путин Еуропаны Украинадағы соғысты реттеу процесінен «өз еркімен шығып қалады» деп айыптады. Оның сөзінше, Еуропалық мемлекеттер Дональд Трамп әзірлеген жоспарға Кремльге ұнамайтын өзгерістер енгізгісі келген. АҚШ пен Украина өкілдерінің келіссөздерінен кейін бұл құжатқа Киев пен оның серіктестерінің мүдделерін ескеретін түзетулер енгізілген.
Форум барысында Путин Қара теңізде ресейлік танкерлерге жасалған шабуылдарға да пікір білдірді. Егер Украина мұндай әрекеттерді жалғастырса, Кремль Киевке көмектесетін елдердің кемелеріне қарсы жауап шараларын қарастыруы мүмкін екенін айтты. Ол ең радикалды нұсқа ретінде «Украинаны теңізден толық ажырату» мүмкіндігін атады.
Соңғы күндері Қара теңізде бірқатар танкерлерге шабуыл жасалды. Түркияның Көлік және инфрақұрылым министрлігі 2 желтоқсанда Midvolga 2 танкеріне дрондар арқылы шабуыл жасалғанын хабарлады. Кеме Ресейден Грузияға күнбағыс майын тасымалдап бара жатқан. Экипаж мүшелері жарақат алмаған. Кеме Синоп портына жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бағыт алған.