Каспий теңізінде орын алған сарбаздардың қазасына байланысты Қорғаныс министрлігінің жұмысында біршама жіберілген кемшіліктер анықталды, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұл туралы Қазақстан Республикасының Үкімет басшысы Олжас Бектенов Парламент депутаттарының жолдаған депутаттық сауалына берген ресми жауабында толығырақ тоқталып өтті.
Үкімет басшысының сөзінше, ел қарулы күштерінде оқу-жаттығу шаралары кезінде дислокацияны анықтау, әуеден бақылау жүргізу және хабарлау технологиялары кеңінен қолданылады. Атап айтқанда, Қазақстан әскері әуеден бақылау үшін ұшқышсыз ұшу аппараттарын (дрондарды), ал күштік құрылымдардың жекелеген бөлімшелері геолокация мен әскерилердің физиологиялық жағдайын бақылайтын дербес құрылғыларды пайдаланады. Бұған қоса, күштік мекемелер «Қазгидромет» РМК-мен тығыз байланыс орнатып, ауа райының құбылуы мен дауылды ескертулер туралы ақпаратты тұрақты түрде алып отырады.
Десе де, премьер-министр Каспийдегі орын алған қайғылы жағдай оқу-жаттығуларды жоспарлау мен оны өткізу барысында терең жүйелі проблемалардың бар екенін айқын көрсеткенін атап өтті. Үкімет басшысы Қорғаныс министрлігіне жүргізілген тексеру нәтижелерін өз сөзінде былайша баяндап берді:
«Қорғаныс министрлігін кешенді тексеру нәтижесінде оқу-жаттығулар барысын бақылауда, қауіпті жағдайларды бағалауда және жағдай өзгергенде жедел ден қою кезіндегі кемшіліктер бар екені анықталды. Нақтырақ айтқанда, қауіпті факторларға жеткілікті көңіл бөлінбеген, қауіпсіздік талаптары сақталмаған және оқу-жаттығулардың қауіпті кезеңдерін тоқтату туралы шешімдердің уақытылы қабылдануына тиісті бақылау болмаған», — деп ағынан жарылды Олжас Бектенов.
Сөз соңында Премьер-министр Мемлекет басшысының берген тапсырмасына сәйкес құзырлы органдар Әскери реформа жоспарының жобасын әзірлегенін жария етті. Аталған ауқымды реформа әскери басқару жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ әскери қызметшілердің қауіпсіздігін мүлтіксіз қамтамасыз ете отырып, оқу-жаттығуларды жоспарлау тәртібін біріздендіруге және стандарттауға бағытталған.