Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында 28 қазан мен 2 қараша аралығында өткен «Dostik Cup» халықаралық футбол турниріне қатысуға барған қазақстандық 11 бала улану белгілерімен ауруханада ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды Alash.kz.
Аталған халықаралық жарысқа Қарағанды облысынан 60 бала, 32 ата-ана және 4 жаттықтырушы өздерінің жеке қаражаты есебінен барған еді. Сапар кезінде, дәлірек айтқанда 31 қазанда қонақүйдегі таңғы астан кейін балалар мен ересектердің іші ауырып, дене қызуы көтерілген. Ата-аналардың айтуынша, таңғы асқа жұмыртқа жемеген 8 бала ауырмаған, ал қалғандарының денсаулығы нашарлап, бір тәулік ішінде 15 баланың жағдайы ауырлаған. Нәтижесінде 11 жеткіншек Ташкенттегі емдеу мекемесіне жатқызылды.
Орын алған ТЖ бойынша Құрылтай төрағасының орынбасары, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Зәкиева Өзбекстандағы әріптесімен, Қарағанды облысының әкімімен және құраманың бас жаттықтырушысымен үнемі байланыста отырғанын хабарлады. Қазіргі уақытта науқас балалардың жағдайын Өзбекстанның Денсаулық сақтау министрлігі тікелей өз бақылауына алды. Денсаулығы сыр берген спортшылар толық сауыққанша көрші елде дәрігерлер қарауында болады, ал қалған балалар мен ата-аналар бүгін Қазақстанға оралады.