Мемлекет басшысы өңірлік жүк авиахабтарын дамыту мәселесін талқылады, деп хабарлайды Alash.kz
Астанада Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлік жүк авиахабтарын дамыту жөнінде кеңес өткізді. Мемлекет басшысы әуе тасымалының, әсіресе «air cargo» көлемінің жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті. Сарапшылардың болжамына сәйкес, 2040 жылға қарай әуе жүктерінің 20%-ы «Азия – Еуропа» бағытына тиесілі болады. Осыған байланысты еліміз теміржолды, автокөлік жолын және әуе тасымалын қамтитын мультимодальды логистика жүйесін дамытуы қажет.
«Күллі әлем елдері транзиттік мүмкіндіктерін арттыруға ерекше мән беріп отыр. Халықаралық бәсекелестік күшейді. Қазір Қазақстан арқылы жөнелтілетін жүк негізінен автокөлік және теміржол арқылы тасымалданады. Ал сарапшылар әуе жолдары арқылы өтетін жүк тасымалының үлесі жыл сайын артады деп болжап отыр», – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің пікірінше, негізгі әуежайларда толыққанды авиахаб қалыптастыру өте өзекті мәселе. Әр әуежайдың бәсекеге қабілетті тұстарын анықтап, транзиттік карго-трафиктің қосымша құнын арттыру қажет. Қазіргі таңда жүк тасымалдаушылар көбіне тек жанармай құю немесе техникалық қажеттілік үшін ғана тоқтайды. Мемлекет басшысы арнайы экономикалық аймақтардың тиімді жұмысын қамтамасыз ету және ұсынылатын жеңілдіктерді әр хабтың ерекшелігіне қарай жасау керектігін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев салалық министрліктерді құжаттарды қабылдауды кейінге қалдырғаны үшін сынға алды және әуе хабтарын дамыту мәселелерін шұғыл шешуді тапсырды. Әуе тарифтерін қайта қарау, бағаның тұрақтылығын сақтау және «тарифті инвестицияға айырбастау» қағидатын енгізу қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, әуежайлардағы авиациялық емес қызметті шектен тыс реттеудің бюрократиялық кедергілер тудыратынына назар аударды.
Мемлекет басшысы авиаотын мәселесін де шешуді тапсырды. Оның пікірінше, саланы дамытуда негізгі екі проблема бар: бағаның жоғары болуы және ішкі өндіріс көлемінің жеткіліксіздігі. Алдағы үш жылда ішкі өндіріс көлемін арттыру және импортты әртараптандыру қажет. Сонымен қатар, авиация ғылыми-зерттеу институтын құру және отынды сертификаттау зертханасын ашу ұсынылды.
«Ұлттық жүк тасымалдаушыны қолдау – стратегиялық міндет. Отандық компанияларды қосылған құнды құруға ынталандыру арқылы мультимодальды логистиканы дамыту керек», – деді Мемлекет басшысы. Ол жүк тасымалдайтын ұшақтарға қойылған шектеулерді қайта қарау керектігін, сондай-ақ әуе кемелерінің флотын өркендету транзиттік әуе желісін қалыптастырудың маңызды бөлігі екенін айтты.
Кеңеске Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, «Алматы халықаралық әуежайы» АҚ президенті Косе Гокер, Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Марат Омаров және «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов қатысты.