Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

“Балаларының көзінше өлтірген” - Өз күйеуінің қолынан қаза болған әйелдің ісі туралы бар шындық белгілі болды

20:05, 03 желтоқсан 2025

Атырауда 19 тамызда 34 жастағы Ләззат Тасқынбаева күйеуі Тимур Кабдрахитовтың соққысына жығылып, қаза тапты, деп жазады  Alash.kz.
Оқиға марқұмның балаларын көзінше болған. Қанды қазадан отьасының 12 жасар үлкен қызы  ауыр психологиялық жарақат алған. Бұл туралы марқұмның туыстары хабарлады.

Олардың айтуынша, күдікті ұзақ жылдар бойы әйеліне қол көтеріп келген, алайда Ләззат ешкімге шағымданбаған. Трагедияға он күн қалғанда ғана ол анасымен байланысып, күйеуінің өзіне зорлық көрсетіп жүргенін алғаш рет айтқан.

Алғашқы тергеу барысында полиция Тимур Кабдрахитовқа ҚР ҚК 106-бабы 3-бөлімі (аса ауыр дене жарақатын салып, абайсызда өлімге әкелу) бойынша айып таққан. Алайда қоғамның резонансынан кейін қылмыстық іс ҚР ҚК 99-бабы 1-бөліміне (кісі өлтіру) қайта сараланды.

Марқұмның туыстары тергеудің баяу жүргізіліп жатқанын айтып, алаңдаушылық білдіруде. Олардың сөзінше, тамыз айынан бері қозғалған істің әлі сотқа жіберілмеуі күдіктіге жеңіл жаза тағайындалуына жол ашуы мүмкін.

- Тергеу өте баяу жүріп жатыр. Біз процестің әдейі созылып жатқанынан қауіптенеміз. Күдіктінің туыстары марқұм туралы жалған ақпарат таратып жүр. Бірақ ешқандай сөз, тұрмыстық жанжал немесе шиеленіс кісі өлтіруге ақтау бола алмайды, - дейді марқұмның жақындары.

Қазіргі уақытта Ләззат Тасқынбаеваның 6 және 12 жастағы қыздары Атыраудағы бейімделу орталығында тұрып жатыр. Туыстары оларды қамқорлыққа алу үшін құжаттарды рәсімдеп, адвокат жалдаған. Балалардың психологиялық жағдайы туралы да алаңдаушылық бар: туыстары үлкен қыздың стресс салдарынан денсаулығына зақым келген белгілерді байқаған.

Отбасы қоғамдық қолдауға мұқтаж екенін айтады. Олар бұл істің назардан тыс қалмауын, қылмыскердің заң алдында лайықты жазасын алуын талап етеді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар