Алматыда дүкен маңында белгісіз біреулердің жас қызды көлікке күштеп отырғызуға әрекеттенгені туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды Alash.kz.
Оқиға Төле би көшесі мен Әуезов даңғылының қиылысында болған. Куәгерлердің айтуынша, бірнеше ер адам қызды көлікке қарай сүйреп әкетпек болған. Қыздың айғайын естіген жергілікті тұрғын дереу араласып, полицияға хабар берген. Осыдан кейін күдіктілер оқиға орнынан қашып кеткен.
Алматы полиция департаменті жағдайға қатысты ресми түсініктеме берді. Қазір Алмалы аудандық полиция басқармасы оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу жүргізіп жатыр.
Видеодағы және оқиғаға қатысы бар адамдар анықталып жатыр. Дегенмен, қазіргі уақытқа дейін полицияға бұл оқиға бойынша ешқандай ресми шағым, қоңырау немесе арыз түспеген.
«Шағым түспегеніне қарамастан, оқиғаның объективті мән-жайын анықтап, заңға сәйкес шара қолданамыз. Басқа адамның қауіпсіздігіне бейжай қарамай, әрекет еткен азаматқа алғыс айтамыз», – деп жазды ПД.
Айта кетейік, бұған дейін сталкинг пен қыз алып қашудың қылмыстық жауапкершілікке жататыны хабарланған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық заңнаманы оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған. Жаңа нормаға сәйкес, қызды мәжбүрлеп алып қашқан тұлғалар 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.