Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Астана – есірткісіз қала: Жұлдыздар мен полиция жастарға үн қатты

21:40, 02 желтоқсан 2025 28

Астанада жастарды есірткіден қорғауға бағытталған ерекше форматтағы «Астана – есірткісіз қала» акциясы өтті. Оны Астана қаласы Полиция департаменті мен Esil University бірге ұйымдастырған. Іс-шарада спикерлер бұрынғыдай тек дәріс оқумен шектелмей, жастарға әсер етудің жаңа үлгісін көрсетті. Танымал тұлғалардың шынайы әңгімесі, спорт пен өнерді тоғыстырған ерекше мотивациялық атмосфера студенттердің қызығушылығын оятты, деп хабарлады Alash.kz ұлттық порталы.

2 желтоқсан күні Esil University-дің акт залында өткен кездесуге елге белгілі спортшылар, өнер өкілдері, блогерлер, дәрігерлер және арнайы бөлімше қызметкерлері жиналды. Жастар арасында ықпалы зор тұлғалардың есірткіге қатысты нақты әрі өмірлік тәжірибеге негізделген ойлары жиылған жұртты тәнтті етті.

Кездесуге қатысқандар арасында әлем рекордшысы Сергей Цырульников, бокстан әлем және Азия чемпионы Мерей Ақшалов, танымал актер, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әділ Ахметов, блогер Нұргелді Кердеш, сондай-ақ психиатр-дәрігерлер Русалина Молдахметова мен Назым Омарова және есірткі қылмысына қарсы басқарманың жедел уәкілі полиция подполковнигі Дамир Байбазаров болды.

Әр спикер өз сөзінде есірткінің адам өмірін қалай бұзатынына тоқталып, онымен күрестегі жеке тәжірибесін, кәсіби көзқарастарын бөлісті. Спортшылар есірткісіз өмірдің мықты денсаулық пен шынайы жетістікке бастайтынын айтты. 

- Дені сау ұрпақ — ел ертеңі. Сондықтан зиянды заттар мен әдеттерден аулақ болу өздеріңе жақсы. Таңдау өз қолдарыңда. Мен сендердей кезімде спортты құп көрдім. Нәтижесі жаман болған жоқ. Сол себепті адаспауға тырысыңдар. Осында отырған жастардың әрқайсысы өмірден өз жолдарын таба алады деген үміттемін, - деді Мерей Ақшалов.

Әділ Ахметов жастардың таңдау еркіндігі мен жауапкершілік тақырыбын қозғап, әр адамның болашағы өз қолында екенін ерекше атап өтті. Блогерлер осы тақырыптағы ықпал ету контентіне жауапкершілікпен қарау қажеттігін жеткізді.

Әсіресе, жастардың назары қара күштің арқасында әлемге танылған Сергей Цырульниковке ерекше ауды. Ол дені сау, өз-өзіне дисциплина қоя білетін жастардың әлеуеті қандай болатынын өз шеберлігімен байқатты. 

Шара барысында студенттерге арнайы түсірілген роликтер көрсетіліп, нарколог маман дәріс оқыды. Диалогтық форматтағы ашық әңгіме мен пікірталас жастарды бейжай қалдырмады. Сонымен қатар полиция департаментінің кинологиялық орталығы мен СОБР жауынгерлері өздерінің шеберлік көрсетілімдерін ұсынып, аудиторияға ерекше әсер қалдырды. Бұл бөлім акцияның эмоционалды серпінін күшейтіп, есірткімен күрестің нақты қалай жүргізілетінін көзбе-көз көрсетуге мүмкіндік берді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияның басты мақсаты — жастарға қысым көрсетпей, қорқытпай, керісінше саналы таңдау жасай білуге, есірткіден мықты тұлға ретінде өз еркімен бас тартуға ынталандыру. Дәстүрлі түсіндіру жұмыстарына қарағанда, бұл әдіс жас буынға анағұрлым әсерлі болып отыр.

- Біз мұндай кездесулерді жүйелі түрде өткізіп келеміз. Әлі де ауқымы кеңейетін болады. Мәселенің салдарымен күрескеннен гөрі, осылай алдын алу жұмыстарын жүргізген әлдеқайда көп нәтиже әкеледі, - деді жедел уәкіл полиция подполковнигі Дамир Байбазаров.

Студенттердің пікірінше, мұндай форматтағы кездесу бұрын-соңды болмаған. Спикерлердің ашықтығы, шынайылығы, өмірден алынған мысалдар мен әсерлі көрсетілімдер есірткіден аулақ болудың нақты себептерін түсінуге көмектескен.

Осылайша, «Астана – есірткісіз қала» акциясы профилактикалық шара ғана емес, жастарды жігерлендіретін, дұрыс таңдау жасауға бағыттайтын қоғамның ортақ үндеуі ретінде есте қалды.  Іс-шара соңында ұйымдастырушылар жиынға белсенді қатысқан жастарға естелік сыйлықтар табыстап, түрлі ойындар өткізді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар