Қырғыз Республикасының Ош облысы Ноокат ауданында 21 жастағы Айжаныл Аликараеваның жұмбақ жағдайда қаза табуы үлкен дауға ұласып, марқұмның ата-анасы арада төрт ай өткенде мәйітті қабірден қайта қазып алуға қол жеткізді, деп хабарлайды Alash.kz.
Қайғылы оқиға 19 ақпанда тіркелген. Марқұмның жақындарын мұндай қадамға баруға бірінші сот-медициналық сараптаманың қорытындысы итермеледі, өйткені онда келіншектің жүкті болмағаны көрсетілген. Алайда бойжеткеннің әпкесі Уулча Орунбаева бұл құжаттың жалған екеніне сенімді, себебі Айжаныл көз жұмар алдында анасына аяғы ауыр екенін дәлелдейтін фотосуреттер мен бейнежазбаларды жолдап үлгерген.
Қабірді ашып, эксгумация жасау барысында сұмдық жайт белгілі болды. Марқұмның анасы қызының жатыры мен бүйрегі орнында жоқ екенін өз көзімен көріп, қазіргі уақытта бұл ішкі ағзалардың қайда кеткенін біле алмай отыр.
Күйеуі жағының туыстары келіншектің өзіне-өзі қол жұмсағанын айтып ақталғанымен, қыздың жақындары бұған мүлдем сенбейді және оның өліміне зорлық-зомбылық себеп болуы мүмкін деп есептейді. Төрт ай бойы істің сотқа жетпегеніне қапаланған отбасы әділ тергеу жүргізілуін талап етуде.
Өз кезегінде полиция өкілдері бұл жағдайға қатысты қысқаша түсініктеме берді. Тәртіп сақшылары оқиғаға нақты құқықтық баға тек комиссиялық сот-медициналық сараптаманың түпкілікті қорытындысы шыққаннан кейін ғана берілетінін мәлімдеді.