Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ең жас ректордан Құрылтай депутатына дейін: Президент реформалары жастарға қандай мүмкіндіктер ашты?

16:00, 08 қазан 2026

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел тізгінін ұстағанына 7 жыл толуына орай, саяси-құқықтық бетбұрыстардың маңызы, «Әділетті Қазақстан» концепциясы, білім мен ғылымды дамытудың басымдықтары, жастардың саяси сахнадағы белсенділігі мен 2026 жылғы институтционалдық жаңғырулар хақында ҚР Құрылтай депутаты, еліміздегі ең жас ректор атанған белгілі ғалым, PhD доктор Лаура Қарабасовамен Alash.kz ұлттық порталының тілшісі сұхбаттасқан еді.

– Лаура Чапайқызы, биыл Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Президенті қызметіне кіріскеніне жеті жыл толды. Осы уақыт аралығында Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде ауқымды саяси реформалар жүзеге асты. Жеті жылды қорытындылай келе, Қазақстанның саяси дамуына қандай баға бересіз?

– Мемлекет басшысының қызметіндегі жеті жыл еліміздің саяси-құқықтық жаңғыруының маңызды кезеңі деп айтар едім. Осы уақытта азаматтардың мемлекеттік саясатқа қатысу мүмкіндігін кеңейтуге, мемлекеттік институттардың тиімділігі мен жауапкершілігін арттыруға бағытталған жүйелі реформалар жүзеге асты.

Сайлау жүйесі жаңарды, мемлекеттік басқарудағы ашықтық пен есептілікке қойылатын талап артты. Мұның барлығы – саяси жүйені ашық, инклюзивті әрі бәсекелі етуге бағытталған маңызды қадамдар.

Заң шығару билігін жүзеге асыратын жоғары өкілді орган Құрылтайға жаңа тұлғалардың, әсіресе жастардың, түрлі кәсіби орта өкілдерінің келуі және әйелдердің үлесінің артуы маңызды. Құрылтай құрамында әйелдердің үлесі 34 пайызға жуықтады. Бұл – еліміз үшін әйелдердің саяси өкілдігі тұрғысынан маңызды тарихи көрсеткіш әрі Қазақстанның осы бағыттағы халықаралық үрдістермен үндес дамып келе жатқанын көрсетеді. Бұл өкілдік мәселесі ғана емес, қоғамдағы әртүрлі тәжірибе мен көзқарастың заң шығару процесіне айқын көрініс табуы қабылданатын шешімдердің сапасын арттыруға ықпал етеді.

– «Әділетті Қазақстанды» құру жолындағы реформалардың ішінде еліміздің саяси жүйесіне елеулі өзгеріс әкеліп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан қандай бастамаларды айрықша атап өтер едіңіз?

– Меніңше, «Әділетті Қазақстанды» құру жолындағы реформалардың маңызды ерекшелігі – саяси өзгерістердің заң мен тәртіп қағидатымен, әлеуметтік әділеттілік идеясымен және адами капиталды дамыту міндетімен ұштасуы. Саяси жүйедегі өзгерістер – азаматтардың шешім қабылдау үдерісіне қатысу мүмкіндігінің кеңеюі, жаңа саяси және қоғамдық институттардың қалыптасуы – түптеп келгенде, еліміздің азаматтарының өз потенциалын толық жүзеге асыруына мүмкіндік беруге бағытталған.

Азаматтарымыздың сапалы білімге, медицинаға қолжетімділік, еңбекке, кәсіби дамуға және қоғамдық өмірге қатысуға берілетін мүмкіндіктер аясы кеңейтілуде. Мемлекет басшысы білім, ғылым саласына және жастарға ерекше назар аударып, жүйелі қолдап келеді. Осы жүйелі қолдаудың нәтижесінде білім, ғылым және инновациялар конституциялық құндылық деңгейіне көтерілді.
Шын мәнінде, әділетті қоғам мен тең мүмкіндіктерді қалыптастыруда білім мен ғылым шешуші рөл атқарады. Әлеуметтік мобильділіктің мықты құралы – сапалы білім. Отбасының әлеуметтік жағдайы баланың болашақ мүмкіндіктерін айқындамауы керек. Сондықтан білімге қолжетімділік, мектеп пен жоғары білім сапасы, мұғалімдер мен ғалымдардың кәсіби дамуы – әлеуметтік саясаттың ғана емес, әділетті қоғам құрудың негізгі шарттарының бірі.
Бұл қағидаттар «Әділет» партиясының бағдарламалық ұстанымдарымен тікелей үндеседі. Біз Мемлекет басшысының саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар бағытын қолдаймыз. Біздің ұстанымымыз – жаңа Конституцияда бекітілген қағидаттарды нақты институционалдық және практикалық тетіктерге айналдыру.

Яғни, әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етіп, заң мен тәртіптің сақталуына, сапалы білім мен ғылымға қолжетімділікке мән береміз. Мемлекеттік қызметтердің тиімді болуына және цифрландырудың пайдасын азаматтардың күнделікті өмірінде сезінуіне күш саламыз. Біз үшін «Әділетті Қазақстан» идеясы адамның әлеуетін кеңейтуге бағытталған жаңа қоғамдық келісім. Оның нақты өлшемі – азаматтың өзін қауіпсіз сезінуі, сапалы білім мен нақты құзіреттіліктер алуы және өз елінің дамуы үшін жауапкершілік алып, үлес қоса алуы.

– Мемлекет басшысының жастарға қолдау көрсетуге бағытталған бастамалары жас әрі кәсіби басқарушылардың жауапты қызметтерге келуіне жол ашты. Өзіңіз де осы саясат аясында ірі мемлекеттік университетті басқарған ең жас ректор болып тағайындалдыңыз. Қазіргі таңда еліміздегі жастар саясатының дамуын қалай бағалайсыз?

– Қазақстандағы жастар саясатының маңызды ерекшелігі – жастарды тек қолдау нысаны ретінде емес, елдің дамуына тікелей жауапты күш ретінде қарастыру. Мемлекет басшысы жастарға қолдау көрсетумен қатар, оларға сенім білдіріп, нақты мүмкіндік пен үлкен жауапкершілік беріп келеді.

Мен мұны өз тәжірибемнен де көрдім. Жас басқарушы ретінде маған ірі мемлекеттік университетті басқару сеніп тапсырылды. Бұл мен үшін үлкен мүмкіндік қана емес, үлкен жауапкершілік болды. Осындай шешімдер жас мамандардың кәсіби әлеуетін нақты істе көрсетуіне жол ашады.

Бүгінде осы үрдісті Құрылтай құрамынан да көруге болады. Көптеген жас депутаттың келуі – жаңа буынның қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласып, шешім қабылдау деңгейінде жауапкершілік ала бастағанының көрінісі. Ең маңыздысы – олардың қабілетіне сену, шешім қабылдау деңгейіне жол ашу және сол мүмкіндікпен бірге нәтижеге жауапкершілік беру.
Сондықтан жастар саясатының түпкі мақсаты – белсенді жастардың белгілі бір тобын ғана қолдау емес, әр жас өз әлеуетін іске асыра алатын әділетті орта қалыптастыру деп ойлаймын.

– 2026 жылғы саяси жаңғырудың жаңа кезеңінде бір палаталы Парламент – Құрылтай мен Қазақстан Халық Кеңесі құрылды. Осы екі институттың негізгі ерекшелігі неде? Қазақстан Халық Кеңесі мен Құрылтайдың өзара байланысы қалай қалыптасуы тиіс және олардың елдің қоғамдық-саяси өміріндегі негізгі рөлі қандай болмақ?

– Мемлекет басшысы атап өткендей, екі институттың құзыреттері бір-бірін қайталамайды. Керісінше, олардың әрқайсысының қоғамдық-саяси жүйеде өзіндік орны бар және қызметі бір-бірін толықтырады.

Құрылтай – заң шығару билігін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының жоғары өкілді органы. Оның негізгі міндеті – азаматтардың мүддесін саяси өкілдік деңгейінде білдіру және қоғамдық сұраныстарды заңнамалық шешімдерге айналдыру. Сондықтан екі институттың өзара байланысын қоғам мен мемлекет арасындағы тұрақты диалогты қамтамасыз ететін сабақтас жүйе ретінде қарастырған дұрыс.

Халық Кеңесінің құрамында түрлі салаларда тәжірибесі бар ғалымдар, сарапшылар, азаматтық қоғам және қоғамдық орта өкілдері бар. Бұл Кеңестің сарапшылық және қоғамдық әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді. Түптеп келгенде, екі институттың да мақсаты ортақ – қоғам мүддесі. Бірі қоғамдық диалог пен ұсыныстарды ортаға салса, екіншісі қоғамдағы маңызды сұраныстардың заңнамалық шешімдерде көрініс табуына ықпал етеді.

– Сұхбатыңызға рақмет! Қызметіңізге мол табыс тілейміз!

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар