Алматы облысының Көксай ауылында жол талғамайтын көлік жүргізушісі тротуарда тұрған төрт жасөспірімді қағып, оқиға орнынан қашып кеткен, деп жазады Alash.KZ
Оқыс оқиға қалай болды?
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбаға қарағанда, жол-көлік оқиғасына жолдағы кептеліс себеп болған. Жол талғамайтын көлік жүргізушісі кептелісті айналып өтуге әрекет жасаған.
Алайда маневр барысында ол кері бағытта қозғалып келе жатқан жеңіл автокөлікпен соқтығысқан. Соқтығысқаннан кейін де жүргізуші көлігін тоқтатпай, қозғалысын жалғастырған.
Көлік тротуарға шығып кетіп, сол жерде тұрған төрт жасөспірімді қағып кеткен. Апат салдарынан олардың екеуі түрлі дене жарақатын алған.
Бұдан кейін жол талғамайтын көлік кептелісте тұрған тағы бір машинаға соғылған. Жол-көлік оқиғасының сәті сол маңда келе жатқан басқа көліктің бейнетіркегішіне жазылып қалған.
Полиция не айтады?
Полицияның алдын ала мәліметінше, рөлде болған ер адам көлік жүргізген кезде мас күйде болған. Оқиғадан кейін ол жауапкершіліктен жалтармақ болып, апат орнын тастап кеткен.
«Аталған факті бойынша полиция қызметкерлері қылмыстық іс қозғады. Тергеу барысында қажетті бастапқы процессуалдық әрекеттер жүргізілді. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп мәлімдеді Алматы облысының полиция департаменті.