Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Жапонияда 11 мың, бізде 463 мың теңге»: Асхат Аймағамбетов дәрі қымбатшылығын сынға алды

11:53, 08 қазан 2026

Қазақстанда шетелде кеңінен қолданылатын дәрі-дәрмектердің әдеттегі дәріханаларда болмауы және тапсырыспен келген препараттардың он есе қымбатқа сатылуы Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетовтің сынына ұшырады, деп хабарлайды Alash.kz.

Құрылтай депутаты жеке қабылдауына келген азаматтың нақты шағымын мысалға келтірді. Пациентке Helicobacter pylori инфекциясын емдеудің 14 күндік курсына «вонопразан» препаратының 20 мг-дық 28 таблеткасы тағайындалған. Халық қалаулысы нарықтағы сорақы баға айырмашылығын әшкерелеп:

«Ашық дереккөздерден көрініп отырғандай, Жапонияда Takeda өндірісінің түпнұсқа Takecab препаратының дәл мұндай көлемінің ресми бағасы шамамен 11 мың теңгені құрайды. Малайзияда жапон өндірісінің осы препаратының 30 таблеткалық қаптамасы 27-30 мың теңге тұрады. Қазақстанда препарат әдеттегі дәріханаларда жоқ. Ал тапсырыспен 100 таблеткалық қаптамасын 463 мың теңгеге және одан да қымбатқа ұсынады. Сонда пациент не тағайындалған емнен бас тартуы керек, не өзіне қажеттіден төрт есеге жуық артық таблетка сатып алып, ол үшін жүздеген мың теңге төлеуге мәжбүр», — деп мәлімдеді.

Асхат Аймағамбетов біздегі бір таблетканың құны Жапониядағы ресми бағадан шамамен 12 есе жоғары екенін ашына атап өтті. Оның айтуынша, биыл дәрі-дәрмекті тіркеуді жеңілдететін, халықаралық реттеушілер (соның ішінде АҚШ-тың FDA) мақұлдаған препараттарды жеделдетілген рәсіммен өткізетін және «бір терезе» принципін енгізетін заң қабылданғанымен, бұл жүйе іс жүзінде әлі толық іске қосылмай отыр.

Осыған байланысты депутат бұл мәселені түбегейлі шешу қажеттігін баса айтты:

«Бұл жағдай бізге заң қабылдаудың жеткіліксіз екенін тағы бір мәрте көрсетті. Егер заманауи препараттар дәріханаларда әлі де жоқ болса, ал азаматтар оларды шетелден іздеуге немесе бірнеше есе артық төлеуге мәжбүр болса, онда жаңа механизм әлі тиісті дәрежеде жұмыс істеп кетпегені. Оның үстіне, мәселе тек тіркеуде де емес. Біздің нарықта жоқ, сұранысқа ие препараттарды жүйелі түрде анықтау, өндірушілермен жұмыс істеу, жеткізуді жеңілдету және пациентке қажетті 28 таблетканың орнына жүздеген мың теңгеге 100 таблеткалық қаптама ұсынылатын жағдайларға жол бермеу қажет. Бұл мәселені Комитет отырысында және Құрылтайда көтеретін боламыз. Заң қабылданды. Енді оның жұмыс істеуіне қол жеткізу керек. Басты нәтиже — қағаздағы қысқартылған мерзімдер емес, пациент үшін қолжетімді бағада дәріханада қажетті дәрінің болуы. Дәрі-дәрмек көбейгенде, бұл бағаға да әсер етеді».

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар