Ақтөбе облысында тамыз айының соңында далада тиегіш (погрузчик) техникасының аударылып кетуінен қаза тапқан екі жүргізушінің өліміне қатысты тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды Alash.kz.
Қайтыс болғандардың бірі — 33 жастағы Руслан Төлепбергенов. Оның артында жуырда шаңырақ көтергендеріне 10 жыл толған жұбайы Әйгерім Жарылғап пен төрт кішкентай баласы қалды. Қаралы отбасы қайғылы жағдайдың жай ғана жол апаты емес, тікелей жұмыс барысында орын алғанын дәлелдеуге тырысып, қауіпсіздікке жауапты тұлғаларды жауапқа тартуды талап етуде.
Марқұмның туысы Сәрсенбай Адаев оқиғаның мән-жайына күмән келтіріп:
«Бұл жағдай жаздың аяғында болды. Ол кезде тайғақ та, жаңбыр да болған жоқ. Тиегіш кенеттен неге аударылып кетті? Мүмкін жүргізушінің денсаулығы сыр берген шығар. Немесе техниканың тежегіші істемей қалған. Оқиға орнында тергеушілер тежегіш ізін таппады. Егер таудан төмен сырғыған болса, олар шөмішті пайдалана алар еді ғой. Тергеудің бұл жағдайды мұқият анықтағанын қалаймыз», — деп ағынан жарылды.
Екі ер адамның мәйітін даладан өтіп бара жатқан жолаушы кездейсоқ тауып алған. Мемлекеттік еңбек инспекциясы бұл жағдайды «жұмыс уақытынан тыс болған» деген уәжбен өндірістік бақытсыз жағдай ретінде танымады, бірақ жұмыс беруші тарапынан ауыр ереже бұзушылықтарды анықтады.
Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті департаменті басшысының орынбасары Талғат Ысқарин:
«Бұл жұмыс уақытынан тыс болған. Жұмыс беруші тарапынан ауысым алдындағы куәландыру жүргізілмегені анықталды. Оған қоса жұмыс беруші тарапынан бақылау болмаған және жазатайым оқиғалардан сақтандыру жасалмаған. Ереже бойынша жолаушы тасымалдау қарастырылмаған», — деді.
Қазіргі уақытта полиция бұл істі қарапайым жол-көлік оқиғасы ретінде тергеуде. Жәбірленуші тарап бұл квалификациямен келіспей, ақыр аяғында кінәні қаза тапқандардың өзіне аудара ма деп қауіптенеді. Жұбайының өкілі Айбол Тайғарин:
«Бұл қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 156-бабының 3-бөлігі, яғни абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған еңбекті қорғау ережелерін бұзу ретінде квалификациялануы тиіс деп есептейміз. Бұл жерде жұмыс орнында жұмысшының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүктелген лауазымды тұлғалардың жауапкершілігі туралы сөз болып отыр», — деп мәлімдеді.
«Қазсушар» мекемесі тергеу аяқталмағандықтан пікір беруден бас тартқанымен, заң аясында тиесілі төлемдерді төлеуге дайын екенін хабарлады. Алайда төрт баламен жалғыз қалған жесір әйел осы уақытқа дейін басшылықтан ешкім жағдай сұрап келмегенін айтады. Қазіргі таңда отбасы прокуратураға шағым түсіріп, істі қайта бағалауды және еңбек инспекторларының шешімін даулауды көздеп отыр.