Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Перизат Қайрат ісі: Дубайдан құны 3 миллиард теңге болатын 7 пәтер анықталды

16:13, 08 қазан 2026

Дубайдан сотталған Перизат Қайраттың туыстарына тиесілі бірнеше қымбат жылжымайтын мүлік анықталды. Олардың жалпы құны шамамен 5,9 млн доллар, яғни 2,67 млрд теңгеге бағаланып отыр, деп хабарлайды Alash.kz порталы Dalanews.kz сайтына сілтеме жасап.

«Выход к морю» Telegram арнасының мәліметінше, аталған нысандардың барлығы Перизат Қайраттың анасы Ғайни Алашбаеваның туған ағасы Сәбит Алашбаевтың жұбайы Гүлбану Алашбаеваның атына рәсімделген.

Жылжымайтын мүліктер Дубайдың қымбат аудандарындағы бірнеше танымал тұрғын үй кешенінен анықталған. Олардың арасында әлемдегі ең биік ғимараттардың бірі – Бурдж-Халифаға жақын орналасқан нысандар да бар.

Ең қымбат пәтердің бағасы – 1,1 млн доллардан асады

Жарияланған мәліметке сәйкес, тізімдегі ең қымбат мүлік – Vida Dubai Mall Tower II тұрғын үй кешеніндегі екі бөлмелі пәтер. Оның нарықтағы құны шамамен 1,12 млн долларға бағаланған.

Сонымен қатар Azure Residence кешенінен тағы екі пәтер анықталған. Екеуінің жалпы құны 1,65 млн долларға жуықтайды.

Тізімде Forte Tower II, Bellevue Towers және Harbour Views тұрғын үй кешендеріндегі бірнеше жылжымайтын мүлік те бар.

Ақпаратқа қарағанда, аталған пәтерлердің басым бөлігі 2020-2022 жылдар аралығында сатып алынған.

Алашбаевтар пәтерлерді жалға да берген

Арна мәліметінше, Сәбит пен Гүлбану Алашбаевтар ірі кәсіпкер ретінде танылмайды. Олар риелторлық қызметпен айналысқан.

Жылжымайтын мүліктердің бірі бұған дейін қысқа мерзімді жалға берілген. Мәлімет бойынша, бұл пәтер 2020 жылы 380 мың долларға сатып алынған. Кейіннен аталған нысан сатылып кеткен.

Перизат Қайрат пен анасына қатысты сот үкімі

Перизат Қайрат 2025 жылы 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Оның анасы Ғайни Алашбаеваға сот жеті жыл түрме жазасын тағайындаған.

Сот оларды 3,5 млрд теңге көлеміндегі қаражатты жымқырып, оны заңдастырды деп таныған.

Бұған дейін олардың иелігіндегі жалпы құны шамамен 900 млн теңге болатын мүлік тәркіленгені хабарланған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар