Жамбыл облысында аты-жөні белгісіз әйел үш жылдан бері аудандық аурухананы паналап келеді, деп хабарлайды Alash.kz.
Ол емдеу мекемесіне ауыр жағдайда әрі ешқандай құжатсыз түскен. Осы уақыт бойы дәрігерлер оған барынша көмек көрсетуге тырысуда, алайда әйел өзі туралы ештеңе есіне түсіре алмайды. Қордай орталық аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Назгүл Тобышакова:
«Мекен-жайын, туыстық қатынастарын анықтау мүмкін болмады. Қазақстан Республикасының ақпараттық жүйелерінде бұл науқас туралы мәліметтер жоқ. Осыған байланысты жеке басын айқындай алмай отырмыз. Қазір ол хирургия бөлімінде жатыр, тиісті ем алып жатыр», — деп хабарлады.
Қордай аудандық орталық ауруханасында тұрып жатқан бейтаныс әйел туралы ақпарат желіде тараған видеодан кейін белгілі болды. Бейнежазба авторы дәрігерлер әйелді қосалқы бөлмеге тастап, көмектеспей жатыр деп айыптаған. Алайда емхана басшылығы бұл ақпаратты теріске шығарып, науқастың есін жоғалтқанын мәлімдеді. Сырт келбеті 60 жас шамасындағы әйелдің бет бөлігінің бір бөлігі жоқ екені байқалады, бірақ дәрігерлер диагнозды ашып айтпады. Мамандар үш жыл бойы ол туралы тым болмаса бірдеңе білуге тырысқанын және Тараз бен Алматының бейімдеу орталықтарына орналастырмақ болғанын, бірақ одан нәтиже шықпағанын жеткізді. Осыдан соң дәрігерлер оны өз қамқорлығына алуға мәжбүр болған.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері науқастың жеке басын анықтау жұмыстарымен айналысып жатыр. Әйел көршілес Қырғызстан Республикасының тумасы болуы мүмкін деген болжам бар.