Астанада 2026 жылдың 1-7 қазан аралығында Қазақстанның Халық артисі, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, көрнекті театр әрі кино актрисасы Меруерт Өтекешеваның 75 жасқа толған мерейтойына арналған «ТЕАТР ALL» IV Халықаралық театр фестивалі салтанатты түрде аяқталды, деп хабарлайды Alash.kz.
Халықаралық өнер сайысына Өзбекстан, Қырғыз Республикасы мен Әзербайжан елінің театр ұжымдары, сондай-ақ Астана қаласының жетекші театрлары мен Маңғыстау, Ақмола, Түркістан, Атырау, Ұлытау және өзге де облыстардың өнер ұжымдары қатысып, бақ сынасты.

Фестиваль қорытындысы бойынша қазылар алқасы шешімімен ең үздік қойылымдар мен актерлерге арнайы жүлделер табысталды.

Атап айтқанда, «Үздік қойылым» номинациясын Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының «Ұлпан» спектаклі жеңіп алды. «Үздік актерлік ансамбль» жүлдесі Б. Кыдыкеева атындағы Қырғыз мемлекеттік жас көрермен театрының «Жәмилә» спектакліне бұйырса, Н. Жантурин атындағы Маңғыстау облыстық сазды драма театрының «Той» спектаклін қойған Дина Жұмабаева «Үздік режиссура» номинациясын иеленді. «Үздік ер адам бейнесі» аталымымен Музыкалық жас көрермен театрының «Шәкәрім» спектакліндегі басты рөлі үшін Аян Өтепберген, ал «Үздік әйел адам бейнесі» жүлдесімен М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының «Сотворившая чудо или что такое любовь?» спектаклінде Анниді сомдаған Полина Харламова марапатталды.



«Үздік актерлік дуэт» жүлдесі Өзбекстан мемлекеттік драма театрының «Ләйлі мен Мәжнүн» спектакліндегі рөлдері үшін Нодир Мухаммаджонов пен Хусния Турамуротоваға бұйырды. Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының «Анна Каренина. Роман парақтары» спектаклі үшін Қанат Мақсұтов «Үздік сценография» аталымын еншілесе, Ақмола облыстық орыс драма театрының «Выстрел на перевале Караш» қойылымына музыка жазған Батырхан Сабыр «Спектакльдің үздік музыкасы» жүлдесін алды. Екінші пландағы үздік рөлдер бойынша Асанәлі Әшімов театрының «Томирис» спектакліндегі Бахтияр рөлі үшін Мұхтар Қосыбай мен Маңғыстау облыстық сазды драма театрының «Той» қойылымындағы Эмма рөлі үшін Гюль Зиятова үздік шықты.


Сондай-ақ сахна майталмандарының атындағы арнайы жүлделер де табысталды:
Асанәлі Әшімов атындағы жүлде — С. Қожамқұлов атындағы Ұлытау облыстық сазды драма театрының «Макбет» спектакліндегі Макбет рөлі үшін Нұржан Бейсбековке;
Хадиша Бөкеева атындағы жүлде — Атырау Жастар театрының «Қаралы сұлу» спектакліндегі Қаракөз рөлі үшін Гүлдана Көшербаеваға;
Құман Тастанбеков атындағы жүлде — Әзербайжанның «М.Театр» тәуелсіз театрының «Овод» спектакліндегі Артур рөлі үшін Зия Агаға;
Меруерт Өтекешева атындағы жүлде — Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының «Анна Каренина. Роман парақтары» спектакліндегі Анна Каренина рөлі үшін Ақмарал Танабаеваға бұйырды.


Бұдан бөлек, кәсіби бағыттағы арнайы аталымдар бойынша Астана қалалық циркінің «Contrasst» би театрының «Метамарфозы» спектакліндегі жұмысы үшін Карина Жиренбаева «Үздік балетмейстер», Р. Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды драма театрының «Қатынқамал» спектаклі үшін Нұржан Ізтаев «Режиссурадағы жаңа есім» деп танылды. Ал «Қанаттылар» инклюзивті театрының «Абай-ЛА» спектакліндегі Адам рөлі үшін Ислам Мағытанов «Үздік эпизодтық роль» (ер адам), Ә. Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театрының «Танакөз» спектакліндегі Нұргүл апа рөлі үшін Бибігүл Исалиева «Үздік эпизодтық роль» (әйел адам) жүлделерін еншіледі. 



