Еуропалық EU Reporter басылымы Нұрасыл Медеу және оның Қазақстандағы спорттық білім берудің жаңа моделін қалыптастыру бағытындағы жұмысы туралы мақала жариялады, деп хабарлайды Alash.kz
From Tech to Sport: How Nurassyl Medeu Is Building a New Education Model in Kazakhstan атты материалда оның кәсіби жолы, Қазақ ұлттық спорт университетін дамыту тәжірибесі және спорт индустриясының болашағына көзқарасы баяндалады. EU Reporter Нұрасылдың Қазақ ұлттық спорт университетінің негізін қалаушы екенін және 2025 жылдың соңынан бері Халықаралық киберспорт федерациясының (IESF) даму жөніндегі директоры қызметін атқаратынын атап өтеді.
Қазақ ұлттық спорт университеті
Қазақ ұлттық спорт университеті — спорттық білімді ғылыммен, технологиямен және кәсіби тәжірибемен ұштастыруға бағытталған жоғары оқу орны. Университет моделін қалыптастыру кезінде Ұлыбританиядағы Лафборо университеті мен Германиядағы Кёльн спорт университетінің тәжірибесі зерттелген.
Кейіпкердің айтуынша, мақсат шетелдік үлгілерді тікелей көшіру емес, халықаралық тәжірибені Қазақстан мен Орталық Азияның қажеттіліктеріне бейімдеу. Университет халықаралық стандарттарға бағдарлана отырып, өңірге қажетті мамандарды даярлау, зерттеу әлеуетін, технологиялар мен басқарушылық құзыреттерді дамытуға бағытталған.
Бұл бағыттағы маңызды қадамдардың бірі — 2023 жылы Нұрасылдың бастамасымен «Спорт» бағытының Қазақстанның жоғары білім беру мамандықтары жіктеуішіне алғаш рет енгізілуі. Бастама спорт саласы үшін менеджмент, спорт ғылымы, технология, аналитика және өзге де бағыттар бойынша мамандар даярлауға жаңа мүмкіндік ашты.
EU Reporter университеттің даму динамикасына да назар аударған. 2022 жылы APEMS-те бакалавриат бағдарламалары бойынша 260 студент білім алса, сұхбатта келтірілген мәлімет бойынша, бес жылдан кейін студенттер саны 5 мыңнан асқан. Осы кезеңде академиялық команда қалыптасып, жаңа білім беру бағдарламалары мен заманауи зертханалар құрылды, халықаралық университеттер және ұйымдармен серіктестік кеңейді. Нұрасылдың айтуынша, APEMS-тен KNUS-қа өту жай ғана атаудың өзгеруі емес, білім беру жобасының ауқымды трансформациясын көрсетеді.
Сұхбатта университет кампусының мәртебесіне де жеке тоқталған. Оның айтуынша, KNUS — 2021 жылы құрылған жекеменшік университет, алайда кампус университетке немесе оның құрылтайшыларына тиесілі емес. Нысан мемлекет меншігінде және университет оны келісім негізінде білім беру мақсатында пайдаланады. Келісім талаптары бойынша нысанды жекешелендіруге немесе жеке меншікке беруге жол берілмейді.
Технологиядан спортқа
Нұрасыл Медеудің кәсіби жолы технология саласынан басталған. Ол Бостон университетінде Computer Science мамандығы бойынша білім алып, жасанды интеллект, деректер ғылымы, киберқауіпсіздік және бағдарламалық инженерия бағыттарын меңгерген. Кейін бұл тәжірибе оның спорттағы цифрлық технологиялар, деректер мен аналитикаға қызығушылығына негіз болды.
Оның айтуынша, АҚШ-тағы білім беру тәжірибесі оның заманауи университет туралы көзқарасына айтарлықтай әсер еткен. Оның пікірінше, университет тек диплом беретін орын емес, студенттерді технологиямен, бизнеспен және нақты индустриямен байланыстыратын орта болуы тиіс.
Ол шетелде білім алу үлкен мүмкіндік болғанымен, мұндай мүмкіндік барлық жасқа бірдей қолжетімді емес екенін атап өтеді. Сондықтан негізгі мақсаттардың бірі — қазақстандық жастардың елден шықпай-ақ заманауи білімге, жаңа технологияларға, халықаралық сарапшылар мен кәсіби байланыстарға қол жеткізуіне жағдай жасау.
Білім алуға мүмкіндік
EU Reporter материалында Life Chance және Merit стипендиялық бағдарламалары да сөз болады. Life Chance ауылдық және шалғай өңірлерден шыққан, сондай-ақ әлеуметтік осал топтарға жататын талантты жастардың сапалы білім алуына мүмкіндік беруге бағытталған.
Бағдарлама оқу ақысын толық өтеуді, кампуста тегін тұруды және ай сайынғы стипендияны қамтиды.
Ал Merit жоғары академиялық көрсеткіштерімен, қабылдау емтихандарындағы нәтижелерімен және университет өміріне белсенді қатысуымен ерекшеленетін талапкерлер мен студенттерге арналған.
Дереккөздер: EU Reporter / KNUS