Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Жүрегімізде мәңгі сақталады... Бәрімізді жылатты» - Каспийдегі трагедиядан аман қалған сарбаздың анасы (ВИДЕО)

14:58, 08 қазан 2026

Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде болған трагедиядан аман қалған сарбаз Ақжол Темірханның анасы әлеуметтік желіде жүрек тебірентерлік жазба жариялап, көпшіліктің көзіне жас алдырды, деп хабарлайды Alash.kz.

Ауыр қайғы мен жан тебіренісіне толы бұл жазба сарбаз өмірін «дейін» және «кейін» деп екіге бөлген сұрапыл оқиғадан кейін жазылған. Құтқарылғаннан кейін жедел жәрдем көлігінде алғашқы медициналық көмек көрсетуге тырысқан фельдшерлерге де, қабылдау бөліміндегі дәрігерлерге де Ақжол қолындағы беретті еш бермей, берік ұстап жатқан.

Осы оқиғадан кейін ақ халаттылардың өздері де көз жасына ерік беріп: «Азаматтікі... Өзім беремін» деп, қаза тапқан жан досы Азамат Мәдіханның беретін қолынан айырмаған сарбаздың әрекетінен кейін қан анализін де ала алмай қалғандарын айтқан.

Ақжолдың анасы осы сәттегі жан тебіренісі мен адал достық туралы былай деп ағынан жарылды:

«Ақжолдың өмірін «дейін» және «кейін» деп екіге бөлген сол күні… Ол жан досы Азаматтың беретін қолынан тастамай, жедел жәрдем көлігінде өзіне көмек көрсетуге келген фельдшерлерге де: «Азаматтың беретін бермеймін…» — депті. Кейін қабылдау бөліміне түскенде де беретін ешкімге бермеген. «Азаматтікі… Өзім беремін», — деп ұстапты. Кейін алғысымды айту үшін төменге түскенімде, дәрігерлер көздеріне жас алып: «Мен анализ ала алмадым… Беретін бермей, бәрімізді жылатты», — деп айтты. Сол сәтте ана жүрегім тағы бір нәрсені түсінді… Мен Алладан ең бірінші балаларымның амандығын сұрайтын едім. Ал екінші тілегім — балаларыма адал дос жолықтырса екен деп тілейтін едім. Өйткені шынайы достықтың қадірін Ақжолдың қолындағы сол берет үнсіз-ақ айтып тұрғандай… Аллама мың да бір шүкір, менің баламның, біздің отбасымыздың, енді бүкіл халықтың өмірінде Азаматтың барына. Азамат балам… Жатқан жерің жайлы болсын. Сенің есімің де, достығың да, жарқын бейнең де біздің жүрегімізде мәңгі сақталды. Сен ұмытылмайсың… Өйткені сен бір ананың баласы ғана емес, бір достың жүрегінде мәңгі қалған адал доссың».

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар