Алматы көшелерінің бұрынғы кеңестік атауларын қолдап, қазіргі қазақша атауларын балағат сөздермен жоққа шығарған блогер Әйгерім Бердалиеваның мәлімдемесі әлеуметтік желіде үлкен жанжал тудырды, деп хабарлайды Alash.kz.
Threads желісінде mini_knopka лақап атымен танымал блогер әуелі қаладағы билбордтардың біріне өз суретінің орналастырылғанын айтып, оның мекенжайын бұрынғыша «Ленин көшесі» деп көрсеткен. Артынша ол қаланың қазіргі атауларын мойындамайтынын дөрекі түрде білдіріп:
«Маған бәрібір – Ленин. Тағы да айтайын: Фурманов та. Достық, Назарбаев, Наурызбай батыр, Желтоқсан және тағы басқалары жоқ», — деп жазды.
Бұған қоса, ол «нағыз алматылықтар» тек Дзержинский, Комсомольская, Виноградов сияқты ескі атауларды ғана айтады деп сендіріп, қарсы пікір жазған оқырмандарға бейәдеп сөздермен жауап қайтарған.
Блогердің бұл қылығы желі қолданушыларының ашу-заңын туғызып, жұртшылық Eurasian Fashion Week ұйымдастырушыларынан оның бейнесі бар жарнамаларды алып тастауды талап етті. Жұртшылықтың наразылығынан соң EFW өкілдері ресми мәлімдеме жасап:
«Жағдай туралы ақпарат бізге белгілі болған сәттен бастап блогердің қатысуымен жарияланған барлық материалдарды Алматы қаласындағы экрандар мен билбордтардан алып тастау туралы шешім қабылданды», — деп, блогердің сөзін қолдамайтындарын және жарнамалық билбордтарды толықтай жинап алатындарын хабарлады.
Дау ушығып, жарнамалық келісімшарттарынан айырылғаннан кейін Әйгерім Бердалиева жазбасын өшіріп, көпшіліктен кешірім сұрауға мәжбүр болды:
«Мен ол жазбаны эмоцияға беріліп жаздым. Артынша-ақ өшіріп тастадым, өйткені өзім де оның тым эмоционалды болып шыққанын және бастапқыда айтқым келген ойдың басқаша қабылдануы мүмкін екенін түсіндім. Шынымды айтсам, бұл жазбаның осындай реакция тудыратынын күтпедім. Егер сөздерім біреуге ауыр тиген болса, кешірім сұраймын. Ондай мақсатым болған жоқ».