Ресейге нәпақа табуға кетіп, кейін алдау мен қорқыту арқылы майдан алаңынан бір-ақ шыққан қазақстандық азаматтардың туған-туыстары Сыртқы істер министрлігінің алдына жиналып, перзенттерін елге қайтаруды талап етті, деп хабарлайды Alash.kz.
Шараға қатысқандардың айтуынша, қазіргі таңда сұрапыл соғыс аймағында кем дегенде 21 отандасымыз жүр, алайда бұл түпкілікті тізім емес. Арасында жарақат алғандары да, хабар-ошарсыз кеткендері белгілі. Төрт айдан бері жалғыз баласынан көз жазып қалған Нәзира Болысова ұлының тығырыққа тірелгенін жеткізді:
«Көмектесші, мама» деп, жалынып жатыр. Мен Ресейге екі рет бардым, ешкім көмектеспеді, тіпті бізді адам санамады. Мен сіздерден көмек сұраймын. 25 рет «Егов» арқылы арыз жаздым, ешқандай жауап жоқ, тек қаралып жатыр. «Күтіңіз» деуден басқа ештеңе айтпайды. Баламның не өлі, не тірі екенін ешкім айтпайды».
Бұған дейін елдегі әскери борышын өтеп келген азаматтардың бұл күйде қалғанына майдандағы отандасымыздың әпкесі Сымбат Келдібек те қатты алаңдаулы:
«Олар өз еркімен әскерге барып, мемлекет алдындағы борышын өтеп келген азаматтар. Бірақ Отаны оларды қорғауға дайын ба? «Қорғай ала ма?» деген үлкен сұрақ туып тұр».
Жақындарының тағдырына ашынған халық министрлік ішіне кіргенімен, министр іссапарда болғандықтан, арыз-шағымды өзге өкілдер қабылдап, Президентке жеткізуге уәде берді. Бұл туралы адвокат Мейірман Шекеев:
«Қазір министрдің өзі жоқ, іссапарда жүр екен. Бүгін Президентке жолдаймыз деді. Бүгінде Президентке де, ҰҚК төрағасына да жаздым. Президентке жазған өтінішіме бұлар өз ұсынымын қоса отырып, Президентке жолдайтын болды. Енді Президенттің назарына жететін болды. Ары қарай тез шешіледі деп ойлаймыз», — деп мәлімдеді.
Алайда уақыттың тығыздығын айтқан Сымбат Келдібек ұсынылған жауаптарға көңілі толмайтынын жасырмады:
«Өкінішке қарай, талай мәрте естіген жауапты тағы алдық. Жауапқа риза емеспіз. Біраз тартыстан кейін, жанайқайымызды, үндеудің бәрін айтқаннан кейін ғана келісімге келгендей болдық. Оның өзінде бізде оны күтетін уақыт та жоқ — балалар соғыстың алдында тұр».
Қазіргі уақытта Сыртқы істер министрлігі майдан ортасында калған қазақстандықтарды аман-есен отанға қайтару бағытында Ресей тарапымен келіссөздер жүргізіп жатқанын хабарлады. Әскери іс-қимылдар өршіп тұрғанда, ата-аналар да ұлдарының елге аман оралуын сағат санап күтіп отыр.