Қарағанды қаласында көп жылдар бойы тұрмыстық қысым көріп келген Риза есімді келіншектің денсаулығына аса ауыр зиян келді, деп хабарлайды Alash.kz.
Күйеуінен жүйелі түрде соққы алған зардап шегуші ауыр халде ауруханаға жеткізіліп, оған көкбауырын алып тастау бойынша шұғыл ота жасалды. Бойжеткеннің айтуынша, бұл қорлық ол кәмелетке толмаған кезден басталған, алайда күйеуінің қоқан-лоқысы мен «ықпалды таныстарынан» қорыққандықтан, оқиға осы уақытқа дейін жасырын қалып келген.
Зардап шеккен әйелдің тағдыры небәрі 16 жасында, өзінен 15 жас үлкен ер адаммен танысқаннан кейін күрт өзгерген. Алғашқыда қамқор болып көрінген азамат кейіннен күш көрсетуге көшіп, қызды және оның отбасын үнемі сескендіріп ұстаған. Тіпті 17 жасында одан бала босанып, ресми некеге тұрғаннан кейін де жағдай оңалмаған. Биылғы ажырасу процесі кезінде де ер адам қысым көрсету арқылы баланың құқығын өзіне алдырыпты.
Бойжеткен басынан өткен сұмдықты былай деп еске алады:
«Мен одан қорықтым, өйткені ол бұған дейін бірнеше рет адамдарды көлік жүк салғышына салып, қала сыртына шығарып, соққыға жыққанын айтатын. Алғаш рет мені ұрып-соғып, жақындыққа мәжбүрлегенде небәрі 16 жаста едім. Ата-анам полицияға арызданғысы келді, бірақ ол кешірім сұрады, ал мен бәрі бұдан да жаман болады ма деп қорықтым».
Сәуір айындағы кезекті бірнеше күндік соққыдан кейін келіншектің ішкі ағзаларына зақым келіп, жағдайы мүлдем нашарлайды. Туыстарының араласуымен жедел жәрдем шақырылып, ол қылмыстық істің құрбаны ретінде тіркелді. Қазіргі таңда денсаулығынан айырылған Риза кінәлі адамның тиісті жазасын алмай, істің жылы жабылып кетуінен қатты алаңдап отыр.