Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Көз алдымда жан тапсырды»: Дәрігерлердің салғырттығынан баласынан айырылған ақтаулық әйел бар шындықты айтты (ВИДЕО)

18:05, 02 қыркүйек 2026

Аппендицитті уақытында анықтай алмаған дәрігерлердің салғырттығы салдарынан көз жұмған Исмаил Азановтың анасы жанайқайын айтты, деп хабарлайды Alash.kz.

Бала өлімі Ақтау қалалық балалар ауруханасы, №2 емхана мен инфекциялық аурухана мамандарының жауапсыздығынан орын алған. Марқұм сәбидің анасының айтуынша, дәрігерлер ұлының өңеші жыртылып, тоқ ішегі шірігенше ауруханаға жатқызбай, кері қайтарып отырған.

«27 қаңтарда ішін кесіп ашқанда бір-ақ білді. Со күні балапанымның жүрегі бірнеше рет тоқтап, қайта соқты. Реанимацияда жатқанда аяқ жағында колпачоксыз қолданылған шприц жатты! Одан қалды, баламның іш құрылысын сыртқа шығарып, жуып-шайып қайта салды. Соның бәрін көтеріп жеңген балама аурухана ішінен көк ірің таяқшасы (синегнойная инфекция) инфекциясын жұқтырған», – деп ашынды қаралы ана.

Анасы Ақтаудағы дәрігерлердің бұл инфекция туралы тіс жармағанын айтады. Бұл туралы ол сәбиін санитарлық авиациямен Алматыға жеткізгенде бір-ақ білген. Ағзаны жайлап алған ауруханалық инфекцияның кесірінен ешқандай антибиотик пен ем-дом көмектеспеген.

«Ақтаудағы операцияда баламның өңеші мен тоқ ішегінің бір бөлігін кеседі. Алматыда балапаным қара су да іше алмай қиналып, 13 сәуірде менің көз алдымда жан тапсырды», – деді ол.

Баласынан айырылып, боздап қалған ана 11 тамызда Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың жеке қабылдауында болған. Алайда ол туған өңірі Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың қабылдауына кіре алмай жүргенін жеткізді.

«27.08.2026 күні қабылдауға кіруім керек еді, бірақ ешкім хабарласып, уақытын айтпады. 26.08.2026 күні облыс әкімдігіне уақытын білейін деп барсам: «Ешкім хабарласпаса кіре алмайсыз, уақытыңыз келген жоқ»,-деп қайтарды», – деп жазды марқұмның анасы.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар